Қазақстан-қырғыз шекарасында атыс болды

15.08.2017 16:35

Қазақстан мен қырғыз шекарасында атыс болды. Оқиға Жамбыл облысындағы «Жас өркен» бекеті маңында тіркелген. Анықталғаны - бір топ адам біздің елге көрші мемлекеттен үйір жылқыны айдап өтпек болыпты. Осы кезде, шекараны торауылдап жүрген қос сарбаз оларға ескерту жасап, аспанға от атады. Алайда, тәртіп бұзушылар әскерилердің ескертуін елемей, оларға тас лақтырып, бастарын жаралапты. Амалы құрыған жауынгерлер тәртіпке бағынбағандарға қарсы оқ жаудырады. Салдарынан шекара бұзған бір адам қаза тауып, қалғандары жақын маңдағы елді-мекендерге қашып кеткен. Қазір олар іздестіріліп жатыр.                                   

«Қазір тараздық шекара бөлімінде әскери қызметкерлер күшейіп, тағы еліміздің шекара қызметінен қосымша жасақ жұмылдырылды. Әзірге аталған факт бойынша тиісті органдармен бірге іздестіру жұмыстары жүргізілуде», - деді  Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз хатшысы Оксана ПАРПУРА.

Шекара қызметі таратқан мәліметке сай, қазір шекара бұзғандарға қарсы оқ атқан сарбаздарға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Оларға тергеу тағайындалды. Ал қаза тапқан азамат - 30 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны екен. Оның артында әйелі мен екі баласы қалған.      


Теги: стрельба