Алматы көшелеріндегі ой-шұқырлар 10 күн ішінде тегістеліп отырады

15.09.2018 00:35

Алматыда көшелер ойылып, қандай да бір ақау шықса, мердігерлер оны 10 күн ішінде жөндеуі тиіс. Бұдан былай қалада ағымдағы жөндеу жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізіледі. Бұл үшін қала бюджетінен 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жоба мәслихаттың кезекті сессиясында мақұлданды.

Жаңа жүйеге сәйкес, 4 мердігер компаниямен 5 жылға келісім-шарт жасалады. Әр мердігердің мойнына қаланың қос ауданындағы тас жол жүктеледі. Яғни, тұрғындар көше жолдарының тесілгенін байқаса, бірден суретке түсіріп, қала әкімдігіне жолдай алады. Жауапты басқарма ол ақауды жөндеу үшін келісім-шартқа отырған мердігер ұйымға сол мекенжайды жібереді. Ал жол жөндеушілер шағым түскен бойда ол жерді дереу тақтайдай тегіс етуі тиіс.

«Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны келе жатқан кезде жолда белгілі бір ақауды көрген жағдайда, инстаграммға түсіріп жіберуі мүмкін. Бізде әлеуметтік желілерге мониторинг жасайтын арнайы бөлім бар. Сол бөлімдер бізге жібереді. Оны алған күннен бастап біз дереу мердігерлерге жолдаймыз. Мердігерлер, әрине, сол ақауды алып тастап жөндеуге кіріседі. Жөндеу үшін біздің келісім-шарт бойынша 10 жұмыс күні беріледі», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қанат БАЙҚОҢЫРОВ.

Егер мердігерлер 10 күн ішінде ойылған жолды орнына келтіріп үлгермесе, жазаланады. Тіпті, жасалған жұмыстың көлеміне қарай төленетін ай сайынғы ақшасының 5 пайызынан қағылады. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын 5 жыл көлемінде белгілі бір мердігер ұйымға тапсырудың тиімді тұстары көп дейді жобаны ұсынушылар. Олар бұрынғыдай тендер өткізіп, көп уақытын жоғалтпайды. Демек, шұрқ тесілген қала көшелері тұрғындарды көп күттірмей, дер кезінде жөнделмек.  

«Бұл жоба Алматы қаласына өте тиімді. Себебі, біз жыл сайын конкурстық процедуралар, бюджеттік процедураларды өткізген кезде көп уақыт жоғалтатын едік. Ал қазіргі таңда осы жоба арқылы біз ұзақ жылға, яғни 4 жыл 5 айға келісім-шартқа отыру негізінде әрдайым жүйелі жұмыс істей аламыз. Яғни, көп уақытты үнемдейміз және бюджеттің шығындарын азайтамыз», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қанат БАЙҚОҢЫРОВ.