Алматыда тозығы жеткен үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына көшуде

Алматыда тозығы жеткен үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына көшуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тозығы жеткен үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына көшіп жатыр. Қолданыс мерзімі асып кеткен үйлердің орнына, басқасын тұрғызуға инвесторлар ат салысуда. Қазірдің өзінде 8 жоба бекітіліп, тұрғындармен келісу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындар үйдің сапасына жоғары бағасын беруде. Кейбірі тіпті құрылыс жүріп жатқан кезде басы-қасында жүріпті. Сондықтан оның барлық талапқа сай салынғанын білеміз деп отыр. Пәтердің ішінде әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Жаңа үйде тұрғындар үшін жағдайдың барлығы жасалған. Жылу жүйелері тартылып, газ құбырлары мен кәріз жүйелері орнатылған. Тіпті барлық үй иелеріне газ плиталары беріліпті. Ең бастысы дүмпуге берік болуы қарастырылған.

Тұруға қауіпті деп танылған баспаналардың іргесі 60 жыл бұрын қаланған. Каркас пен қамыстан салынған үйдің қызмет ету мерзімі 35 жыл. Сондықтан қолданыс мерзімі өткен үйде тұру өте қауіпті. Алғашында жаңа пәтер туралы айтылғанда олар күмәнмен қараған. Енді тозығы жеткен үйден көшетіндеріне әлі де сене алмай жүр.

Өткен ғасырдың 57 жылдары тұрғызылып, қазір тозығы жеткен екі қабатты ағаш үйдегі пәтерді Әли Асаубаев 20 жыл бойы пана қылды. Биыл міне тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында ескі үйден жаңасына қоныс аударып жатыр. Талай жыл арман болған пәтердің кілтін алған бойда, жүктерін көшіруді бастаған.

«Сүру жұмыстары болады деп айтты. Бірақ қалай болатынын оны түсінбедік. Енді міне қазір мына жерде тұрмын. Сенемін бе? Сенбеймін бе? Білмеймін. Мен төменнен аламын дедім. Ал жоғарыдан қарап тұрған жақсы екен ғой», - деді қала тұрғыны Әли АСАУБАЕВ.

Жаңа пәтердің бөлмелері бұрынғыдан әлдеқайда кең. Оған қоса, немерелерімді ойнататын жері де бар деп қуанып отыр қария. Су жаңа баспанаға көршілері де қоныстана бастаған. Бір ерекшелігі пәтердің жаңа қожайындарына қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ.

«Біздің бұрынғы үйдің аумағы 44,7 шаршы метр болды. Ал жаңа пәтер 55,3 шаршы метр. Яғни әкімдік бізге 10 шаршы метрді тегін сыйға тартып отыр. Қуанышымызда шек жоқ. Көршілеріміз барлығымыз мұндай айырбасқа өте разымыз», - деді қала тұрғыны Лариса ЛУЦЕВА.

Бұл жаңа үй бой көтерген аумақта бұған дейін 8 ескі үй болған. Қазір көне тамның тек біреуі қалды. Тозығы жеткен үйдің маңында қарқынды құрылыс жұмысы жасалып жатыр. Мердігер компания 9 қабатты үйді келесі жылдың ақпан айында салып бітірмек.  

«Мына жерде 8 үй болатын. 8 үйдің бәрі сүріліп тасталды. Қазір 1 үй қалды. Артта тұрған. Одан кейін Райымбек даңғылында, Гончарова, Крыловадан бастап, Ганчароваға дейін жұмыс істеп жатырмыз. Ол жерден қазір мына көріп тұрған үйге. 3 үйдің тұрғындарын көшіріп жатырмыз. Енді осының бәрін бітіреміз деп жобалап отырмыз», - деді «Қала әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директоры Асқар МАПАЕВ.

Алматыда жаңартуды қажет ететін мыңнан астам ескі үй бар екен.  Көне тамдардың барлығы 2024 жылға дейін жермен-жексен етіліп, орнына су жаңа баспана тұрғызылады деп жоспарлануда. Алматыда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша 2012-2015 жылдар аралығында 48 үй сүріліп, орнына 51 үй бой көтерген.

Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында 10 мың алматылық жаңа баспанаға көшіріледі. Жобаның тиімді тұсы көп. Біріншіден, жаңа пәтердің ескіден үлкендігінде. Одан кейін тұрғызылатын үйдің жақын маңнан салынуы. Ең бастысы тұрғындар бұрынғыдағыдай жандарын шүберекке түйіп отырмайтын болады.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров