Елімізде қолды болған көліктердің саны артуда

19.07.2017 14:42

Жыл басынан бері елімізде 1300-ге жуық көлік қолды болса, Алматыда 150-ден аса темір тұлпар ұрланған. Олардың қазірге дейін 89 иесіне қайтарылыпты. Ал, жүргізушілер  соңғы кезде жәбірленушілердің саны тым көбейіп кетті деп отыр. Құзырлы органдардан қайыр үзген қожайындар әлеуметтік желі де топ құрып, үкіметке бейне үндеу жолдады.  

Берік Шәмілұлының көлігін тап есік алдында тұрған жерінен ұрлықшылар қолды қылған. Бірден полицияға хабарласып шағым түсіріпті. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары, қожайыннан мән-жайдың бәрін сұрап кеткен. Алайда, 3 айдан бері ешқандай нәтиже болмапты.  

«Содан өтініш бердім. Енді менің үмітім болды. Полиция қызметкерлеріне. Тауып беретін шығар деп. 3 күн тостым, ешқандай хабар жоқ. Одан кейін жүгіре бастадым. Бардым, ДВД-ға бардым, РОВД-ға да бардым, жеке басшыларына да кірдім, енді арада 3 айдан да аса уақыт өтті ешқандай результат жоқ. ДВД-ның бастықтарына да хабрластым, өздеріне звондап. Бармаған жерім жоқ. Нұр отанға да бардым»,- деді Жәбірленуші, Берік ШӘМІЛҰЛЫ.

Жоғалған жалғыз Беріктің ғана көлігі емес. Жыл басынан бері ресми ақпарат бойынша Алматыда 150 ден көп көлік қолды болған. Бұл, ішкі істер органдарына өтініш түсіргендер саны. Жуырда, темір тұлпарынан көз жазып қалғандар әлеуметтік желіде арнайы топ құрып, үкіметке бейнеүндеу де жолдапты. Олардың айтуынша, ұрлықшылардан жәбір көргендер саны күн сайын артып келеді.

«Дәл осы деректердің барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қылмыстық істің нормаларына сәйкес. Арнайы тергеу тобы құрылған болатын. Оның құрамына тек ауданның ішкі істер басқармасы ғана емес, сонымен қатар криминалдық полиция басқармасының өкілдері кірген болатын. Осы қылмыстардың басын ашу үшін арнайы жедел іздестіру тобының мүшелері күн-түн демей өз жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, жаңа технологияларды пайдаланып қылмыстың ашылуына бағытталған іс әрекеттерді, шараларды ұйымдастыру үстінде»,- деді ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.

Алматыда жоғалған 155 көліктің жарты жылда небары 89 ғана табылыпты. Қалғаны әлі іздестіріліп жатыр. Ал, жәбірленушілер көліктеріміз бөлшектеліп сатылуы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені, қарақшылар қолды қылған тауарын осылай ғана сата алады.

«Автобөлшектер  орталығына көбіне 1995-2005-ші жылдары шығарылған Жапон, Неміс, Корей елдерінің көліктері жеткізіледі. Олар бәс сауда арқылы сатып алынады. Алайда, қарақшылар ұрланған көлікті де осында ұсынатын көрінеді»,- деді Тілші, Өмір ӘНУАРБЕК.

Қазіргі таңда қаланың өзінде 100-ден көп көліктерді бөлшектеп сататын орын бар. Олардың темір тұлпарды қалай, қайдан әкелетінін білуге арнайы бардық. Айтуларынша, ұрлықтың затын алмайды-мыс. Тек, өзге мемлекеттен жеткізілетін заңды бөлшектерді ғана қабылдаймыз деді, кім білсін.

«Көліктерді бүтін бетінде сатып аламыз. Бізге бөлшектелген түрде келеді. Әрқайсысының нөмірі болады. Біз сол арқылы қабылдап аламыз. Барлық саймандар кедендік бақылаудан өткен. Сатып алушыларға сол құжатпен бірге береміз. Әрине, өзіміздің қаладағы көліктерді ұсынаған кездер болған, бірақ біз оларды алмаймыз. Өйткені олардың техникалық жағдайы нашар»,- деді Автобөлшектер сатушы, Дмитрий СМЫКОВСКИЙ.

Ал, республика бойынша жаңа жылдан бері 1300 ге жуық көлік ұрланған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қолды болатын көліктердің көбі Жапон мен неміс авткөлікт ері екен.

Өмір Әнуарбек Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы  


Теги: угон