Қазақстанда туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр. Бұл аурумен ауыратын науқастар саны да, өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Дәрігерлер мұны атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесі дейді. Десек те, аурудың алдын алу үшін жасалатын екпе жұмыстарына қарсылық танытатындар да жоқ емес.
Бүгінгі күнде елімізде туберкулезбен сырқат 17 456 адам диспансерлік есепте тұрса, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 283 адамға азайған. Ал Алматы қаласы бойынша бұл сырқатпен ауыратын науқастар саны 2015 жылға қарағанда 19 пайызға азайыпты.
Туберкулез әлемде көп таралған жұқпалы аурулар қатарына жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2016 жылғы есебіне қарағанда, жыл сайын әлемде туберкулезбен 8 жарым миллионнан аса адам сырқаттанып, миллионнан астам науқас осы аурудан көз жұмады екен. Әлем деңгейінде сол себепті ауруды жұқтыру мен өлім көрсеткішін төмендету мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл шара Қазақстанда да дұрыс жолға қойылған. Бұдан бөлек, туберкулез көрсеткішінің 18 жасқа дейінгі балалар арасында 21,6 пайызға төмендегені байқалуда.
«Мемлекетімізде туберкулезге қарсы шаралардың бәрі барлық деңгейде, барлық жастағы адамдарға бағытталған. Енді балалар арасындағы туберкулезді айта кететін болсақ, ол ересектердің арасындағы аурудың кеңінен таралғандығына байланысты. Өйткені неғұрлым туберкулез ересектердің арасында ертерек анықталатын болса, олардың ошақтарының басында, балаларына туберкулезді тарату деңгейі төмендейді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас фтизиопедиатры Қағаз СЕРІКБАЕВА.
Қазақстанда өзге елдер секілді азаматтарды тексеру мен науқастарды емдеу шығынын мемлекеттің өзі өтейді. Сала дәрігерлерінің мәліметінше, статистикалық деректер жыл санап азайса да, ауруға қарсы екпе жұмыстарына қарсылық танытатындар көбейген. Әсіресе діни наным-сенімдерге байланысты бас тартатын ата-аналар көп. Жауаптылар мұны қатерге бас тігумен тең дейді.
«Ата-ананың бас тартуы бұл теріс діни ағымдарға жүгіне отырып, баланың басын үлкен деңгейдегі қауіпке тігеді. Жалпы оның таралуы, орын алуы барлық облыстарда бар. Бірақ ерекше көпшілігі Батыс облыстарда, Шығыс Қазақстанда да, кеше ғана біз Алматы облысында да талқылаған кезімізде 240 ата-ана баласына вакцина егуден бас тартқан. Бірақ біз онымен жұмыс атқарып жатырмыз», - деді Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Жұмағали ЫСМАИЛОВ.
Ел көлемінде 24 ақпан мен 24 наурызға дейін туберкулездің алдын алу жөнінде айлық басталады. Ол халықаралық туберкулезге қарсы күрес күніне арнайы орайластырылған. Алматыда да өткізілетін бұл іс-шараның ауқымы кем болмақ. Қалада 1000 қызметкерден асатын кәсіпорындарда осы ауру түріне қарсы ақыл-кеңес өткізу көзделген.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы