Ұзынағаштың мал базарына барған үш ағайындыны айуандықпен өлтірген қаскөйлерден жәбірленушілер 50 миллион теңге өтемақы талап етті. Қырық бір бас мал үшін үш қазақтың қанын қиған қаскөйлердің сотына тіптен арғы беттен ағайындар да келіпті. Қытай елінен келген жәбірленушілердің айтуынша, әлі де жете алмай отырған туыстар көп. Басты сот талқылауында сөз алған жәбірленушілер судьяға тергеу толық ашылған жоқ деп талаптарын қойды.
Істің ақ-қарасын ашып, қанды оқиғаның қалай болғанын анықтауға қанық болғысы келген адам қарасы көп. Сотта сөз алып, ресми жәбірленуші ретінде тіркелген үш азамат болғанмен, қайтыс болған үш ағайындының жоғын жоқтағандардың саны елуден асады. Мемлекеттік айыптаушы тергеу барысында анықталған оқиғаны оқып шыққан соң, кезек зардап шеккен тарапқа берілді. Ашу ызаларын әрең тежеп отырған қамкөңіл ағайындар тергеу ісі шала жүргізілді, қылмыстың артында ашылмаған әліде адамдар бар деп отыр.
«Бұл екі қылмыскерлердің ғана қолынан келмейді. Оларды ңартында көкелері немесе жемтіктестері бар шығар. Біз бұндай қарақшылардың қолынан өлейік деп келгеміз жоқ», - деді жәбірленуші Еркін БЕЙСЕКЕЙ.
Қаскөйлер алдап алған 41 бас ірі қараның 5-ін әлі қайтармаған. Ұрланған бұқалар, өртенген көлік, жерлеуге кеткен шығындары мен жетім қалған балаларды асырауға қажетті қаржыны есептеген жәбірленушілер қаскөйлерге ауыр жаза қолданудан бөлек асыраушысыз қалған әр жанұяға 15 миллион теңгеден, жалпы жиынтығы 50 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етті. Жалпы 8 томдық қылмыстық істе 25 адамнан куәгер ретінде жауап алынады. Сотта қайтыс болған Жарқынбек, Мұқият пен Әлімхан есімді үш азаматтың туыстары бір ғана адвокат жалдаса, жауапқа тартылған үш қаскөй жеке-жеке қорғаушы жалдаған.
«Сүлейменов Талғат Батырбекұлына қылмыстық кодекстің 99 бап, 1,2,7 тармағы, 192 бабының 4 бөлігі, 2 тармағымен, 200 бабының 3 бөлігімен, 287 бабының 3 бөлігімен айып тағылған. Ал, Оңалбаев Мұрат Тілектесұлына ҚК 99 бабы 2,1,7 тармақтары, 192 баптың 4 бөлігі 2 тармақтары, 200 баптың 3 бөлігі және 202 баптың 1, 5 тармақтарымен айыптар тағылған», - деді Алматы облысы прокуратурасының № 5 басқарма прокуроры Арыстанбек ӘЛІКЕНОВ.
Ірі қарақшылық жабуыл жасау, алдын ала сөз байласу арқылы қастандықпен бірнеше адамды өлтіру, өзгенің мүлкін заңсыз иелену және заңсыз атыс қаруын алып жүру сынды ауыр айып тағылған екеу істеген істерін көпшіліктің көзінше айтудан бас тартты. Ал, прокурор жоғарыдағы баптар ілінгендерге 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмірінің соңына дейін қамауда болу қарастырылған, бірақ қандай жаза сұрайтынымыз соттың соңына қарай анықталады деді. Бірақ сотталушы Сүлейменов өзіне тағылған біразын мойындамаймын деді.
«Асыраушысынан айырылды. Үлкен қызым 13-те, екіншісі ұл бала, 2,5 жаста. Өзім жұмыссызбын. Үйдемін. Күйеуімнің тапқанын ішіп жеп отырдық», - деді марқұм Қаділбек Әлімханұлының жолдасы Нұрипа ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.
Куәгер ретінде сотқа келген екі азамат Ішкі істер департаментінде қазірде жұмыс істейді. Бірақ олар бір күн, бір түн Сүлейменовтың аударып тастаған камаздарын батбақтан сүйреп шығармақ болып көмектессекте, машинаның кузыбында мәйіттердің бар екенін білмедік деп отыр. Жәбірленушілер қаскөйлерге мылтық берген Жанай Сүлейменов пен малды сатып алушы оның ұлы Данияр Сүлейменовте қылмысқа қатысы бар деп санайды.
Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы