Елімізде тауар сататын интернет дүкендер мемлекеттік тілді менсінбей келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жарнамалдардың қатесінен көз сүрінеді. Еліміздің Тіл комитеті былтырдың өзінде алты мыңдай қате жарнамаларды анықтап, жауапкершілікке тартқан. Көшедегі түрлі-түсті бояулы жарнамалар орфографиялық қана емес, лексикалық қателерден де ада емес. Ал, оны қадағалауы тиіс құзырлы мекемелер кәсіпкерлерді тексеріп, тәртіпке салуға мораторий кедергі дейді. Одан бөлек, тауар сататын интернет дүкендер де тек ресми тілде ақпарат таратып, мемлекеттік тілді менсінбей келеді.

Қазашқаға келгенде кенжіргесі кері тартатын сайттардың көбі негізінен тауар, тұрмыстық техника сататын сайттар. Елімізде бизнесін дамытып жатқандарына 20 жылдан ассада қазақ тіліне, қазақ тілді тұтынушыға деген құрметі жоғары емес, тіпті жоқтың қасы. Мәселен, мына сайттарды аша қалсаңыз сан түрлі заттарды жарнамалап, бағасын түсіріп, сапасын мақтап жатқан акцияларды көруден жаңыласыз. Бірақ ірі дүкендер желісінен қажетіңізді қазақша іздеп табуға мүмкіндік жоқ. Қазақстандағы интернет-ресурстар, веб сайттар мен интернет дүкендер тауарлары мен көрсететін қызметтерін тек орыс тілінде ұсынып келеді.  

«Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт бойы бизнесін жасап, өзінің нанын тауып отырған көптеген мекемелер, бизнес көздері әлі күнге дейін тіркелген сайттары бар, интернет дүкендері бар. Олардың барлығы тек қана орыс тілінде  жұмыс істеп келе жатыр. Ол жерде ешқанадай ақпарат қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде табылмайды. Менің наразылығым, жаңағы алаңдатып отырған мәселе осы ғаламторда қазақ тілді тұтынушылар екі түрлі сапада қызмет көреді», - деді  Алматы қаласының тұрғыны  Назгүл ОСПАНОВА.

Көші түзу болса да, керуені қисық тағы бір жарнама. Бұл көше бойына ілінген билбордтар. Әрібі нық көрінгенмен, мағынасыз ақпараттарға қарап қарның ашады. Тіпті, мазмұнын айтпағанның өзінде 4 әріптің басы түгел емес. Мен мұндалап, түрлі түсті бояумен жазылған жарнамалар есті жанды еріксіз елең еткізеді. Бірақ жалпы жұрт күлкілі, әрі мазаққа айналған жарнамаларға мән бермейтін деңгейге жеткендей.

«Көшедегі жарнама болсын, кез келген құжаттың тілі болсын біз оны өзіміз үшін аударамыз. Біз оны ағылшын немесе орыс үшін аударып жатқан жоқпыз. Ал енді сол өзіміз үшін аударып жатқан жарнама қазақ тілінде сөйлемейді. Мынау Орбитадағы Тұрғын үй кешеніне байланысты жарнама тұр. Босағадағы саябақ дейді. Орысшасы парк у парога. Ал аудармашы болу үшін екі тілдің де мағынасын жақсы білу керек», - деді оқытушы Әлима САБЫРОВА.

Жарнама қос тілде қатар жүру керек деп заңда жазылғанмен, орындап жатқандар аз. Тілдік талапты тыңдамайтын кәсіпкерлермен күресуге  құзырлы мекемелерде құлықсыз, себебі, бизнес өкілдерінің өрескел ісін тексеруге мораторий. Тіл комитеті тек былтырдың өзінде алты мыңға жуық қате жарнаманы тауып, түзеткізген. Мемлекеттік тілдің даму саясатын тікелей қадағалайтын құзырлы  комитет егер арыз-шағым түссе ғана қате жіберген кәсіпкерді жөнге салуға дайынбыз дейді.

«Қазіргі таңға дейін алты мыңнан астам заң бұзушылықтар анықталды. Оның 515 қате жарнамасы түзетілді. Осы мәселе төңірегінде, сайттарадағы қателіктеге, жарнамаларға қатысты, заң бұзушылықтарға қатысты  келіп түсетін арыз-шағымдар болса, біз сол арыз шағымдардың негізінде тексеру жұмыстарын ұйымдастыра аламыз», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан МЕЛДЕШОВ.

Агенттіктер жарнамаларын жарияламай тұрып, біздің мекемеде тексерістен өтуге міндеттейтін арнайы заң шығарылып, құзыреттілік берілсе екен, - дейді қалалық Тілдерді дамыту басқармасы. Ал заңда екі тіл қатар жүруі керек деген бірнеше бап болғанмен, кеткен лексикалық және орфографиялық қателер үшін жауапқа тартатын  тарау қарастырылмаған.

Әмірболат Құсайыұлы, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров