Алматының әлем таныған апорты қайта жаңғыртыла бастады

28.04.2017 15:26

Алматының әлем таныған апорты қайта жаңғыртыла бастады. Іле Алатау баурайында алма атасының көшеттері отырығызылды. Бұл орында жеміс ағаштары қазір де өсіп тұр. Бірақ бактерия жұқтырған. Апорттың жаңа сұрпының алғашқы жемісін қашан көреміз?

Апортты жаңғыртуды кәсіпкерлер қолға алған. Іле Алатау баурайында алма ағашының жаңа сұрпы отырғызылып жатыр. Инвестициялық жоба құны 400 млн теңге. Бұл аумақта жалпы саны 3 мыңнан аса жасыл желек егілетін болады.

«Көшеттерді жетілдіру үшін ешқандай химиялық қоспа қолданбаймыз. Барлық ағаш табиғи жолмен өседі. Оны мал жайылымынан сақтау үшін төңірекке шарбақтар орнатамыз», - деді агроном Самир ИСМАИЛХАНОВ.

Кәсіпкерлер 17 гектар аумақты 49 жылға жалға алған. Осы уақыт аралығында бақты толығымен қалыпқа келтірмек. Мұндағы жемістерге бірнеше жылдан бері күтім жасалмаған дейді агрономдар.

«Алматының ішінде апортты жаңарту және осы бақты жаңарту мәселесімен келіп отырмыз. Неге бұл ағаштарды тамырымен алып тастап жатыр? Орнына неге жаңасын қойып жатыр? Осыны біз бақылау үшін келдік. Мүмкін одан пайда бар шығар? Сондай мәселемен келіп тұрмыз», - деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр ҚИСЫҚОВ.

«Алматы апорты жойылып барады. Салмағы бір келіге дейін жететін алмалардың түрін ұмытып та қалдық. Бақта өсіп жатқан жемістердің 90 пайызы бактериялық ауруға шалдыққан. Ғалымдар әр ағашты нөмірлеп тексеріп шықты», - деді компания акционері Топжар ЖАМАЛБЕКОВ.

Егілген жаңа көшеттер тек 9 жылдан кейін ғана жеміс бере бастайды. Ал, алдағы уақытта тағы 10 мың түп апорт отырғызылмақ.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы