Үкіметте Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада жайында талқыланды

31.01.2018 21:02

Үкіметте Оңтүстік Корей елінің Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиадаға Ұлттық құраманың дайындығы талқыланды. Дүбірлі додадан қанша медаль қоржынға түседі? Әзірге Қазақстандық спортшылар жарыстың 9 түрінен 57 жолдама жеңіп алған. Бірақ, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тағы да жолдамалар ұтуымыз мүмкін екенін айтты.

Пхенчхан қаласында 9-ы мен 25 ақпан аралығында өтетін 23-ші қысқы Олимпиада ойындарының басталуына тура 10 күн қалды. Төрткіл дүние көз тігетін шарада жүлделі орындардан Қазақстан құрамасы да үмітті. Осыған орай, Бақытжан Сағынтаев ел спортшыларына сәтті өнер көрсетуін тілеп, олардан қандай нәтижеге үмітті екендігімізді сұрады. 

«Біздің спортшыларға табыс, жеңіс тілеймін. Елге медальмен оралады деп үміттенеміз. Көз тимесін деп отыр ғой. Ертерек айтып қойсақ, көз тиіп, сосын, қалып қалармыз»,-деді ҚР Премьер-Министрі, Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанның бұған дейін әлемдік жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуіне сеп болған легионерлерден бас тартқандығын айтты. Енді Пхенчханда 9-шы ақпанда басталатын ойындарға таза қазақстандық спортшыларға жанкүйер боламыз деді. Жалпы, елімізден алдағы бәсекеге 46 спортшы бақ сынайды. Жүлделі орынмен отанымызға оралғандарға да қомақты қаржы қарастырылған. Дәлірек айтсақ, бірінші орын үшін спортшы мен жаттықтырушысына - 250 мың доллар, екіншіге 150 мың, ал үшіншіге 75 мың доллар беріледі. 

«Алдағы Олимпиада ойындарының 9 түрінен 57 лицензия жеңіп алдық. Алайда, бұл қорытынды көрсеткіш емес. Әлі де жеңіп алуы мүмкін. Олардың ішінде биатлон, шорт-трек, конькимен жүгіру спортынан, шаңғы жарысы мен мәнерлеп сырғанаудан могул фристайлы, фристайл және акробатика бар»,-деді ҚР мәдениет және спорт министрі, Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Үкімет отырысында Олимпиада ойындарына Қазақстан тарабынан 46 спортшыдан бөлек, 30 жаттықтырушы, 10 адамнан құрылған кешенді-ғылыми топ баратындығы белгілі болды. Делегация құрамында жалпы саны 138 адам бар. Сонымен қатар, жиында спортшылардың туыстарымен ұялы байланысқа шығуы үшін 30 млн теңге бөлінгендігі белгілі болды.

«Спортшыларға жеке қолдау ұйымдастырмаймыз. Дегенмен, Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан спортшыларға қосымша іс-сапар шығынынына қаржы бөлінді. Бұл олардың ұялы байланысты пайдаланып, еркін сөйлесулері үшін жасалды. Оған демеушілердің есебінен шамамен 30 млн теңге бөлінді»,-деді ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы, Данияр ӘБІЛҒАЗИН.

Спорт тақырыбынан бөлек, Үкіметте Қазақстанның 2018 жылға деген экономикалық саясаты да айтылды. Биыл елімізде мұнай өңдеу зауытының модернизациясы аяқталмақ. Ол отанымызда жоғары сапалы К4 және К5 бензинінің емін-еркін сатылуына жол ашады. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар тасжолдардың 500 шақырымы ақылы жүйеге ауысады.