Ерте сөнген жұлдыз: Денис Теннің өлімі күллі жұрттың қабырғасын қайыстырды

Ерте сөнген жұлдыз: Денис Теннің өлімі күллі жұрттың қабырғасын қайыстырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің мақтанышына айналған Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың биік шыңына көтеріліп, әлі талай асуды бағындырар жасында үзіліп кетті.

Бүгін ауыр қазадан соң, күллі жұрттың қабырғасы қайысып, Алматыдағы қайғылы оқиға орын алған жерге гүл шоқтарын қойып жатыр. Бірақ бар болғаны, 25 жастағы шынашақтай спортшыдан мәнгілікке айырылып қалғанына ешкімнің сенгісі жоқ.

Ал Денис Теннің жаттықтырушылары оған көптеген мемлекеттен түрлі ұсыныстар түскенін айтады. Әйтсе де, жүрегі елім деп соққан жастың бар арманы – Қазақстанның абыройын әлемдік аренада асқақтату еді деп көкіріктері өксікке толды.

Бұл қайғылы оқиға орын алардан бірер сағат бұрын түсірілген видео. Арда есімі тәуелсіз ел тарихында алтын әріппен жазылатын оның оқыста опат болғанына ешкім сенбеді. Сенгілері де келген жоқ. Өйткені, ел туын көкке көтеріп, әнұранды әуелетіп жүрген азаматымыздан қапыда айырылып қалғаны көптің жанына батты.

Денис Тен – 2014-ші жылы Сочиде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында қола медаль алған алғашқы және жалғыз қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Шебер спортшы 2013-ші жылы Лондонда әлемдік чемпионатта күміс медаль иеленсе, 2015-ші жылы Сеулдегі төрт құрлық жиналған чемпионатта алтынды қанжығасына байлаған. Азия ойындарында және Универсиадада кеудесіне алтын медаль таққан ардақты спортшы болатын. Бір сөзбен айтқанда, елдің үкілеген үмітін ақтап жүрген азаматтардың бірі еді.

Бүгін Астанадан Алматыға дереу жеткен мәдениет және спорт министрі Денис Теннің ата-анасын Елбасымен ұялы телефон арқылы тілдестіріпті.

«Осы қазір келгенде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі телефонға шығып, әке-шешесімен қосып бер, қазір өз аузыммен көңіл айтайын деді, кеше көңіл айту жеделхатын жіберген болатын. Денис Тен өзінің отбасының ғана емес, бүкіл Қазақстанның, дүние жүзінің мақтанышы болған азамат еді. Өте ауыр қайғы. Бір жақын араласқан адамыңнан айырылғанда адамға өте ауыр тиеді ғой, ал Денистей елімізге белгілі азаматтың жап-жас қалпы дүниеден озғаны тіптен ауыр тиіп тұр. Әрине, Денистің өмірден өтіп кететінін кім білген. Денис Тен қай елге бармасын, өз елі туралы, өзінің мамандығы туралы, өзінің айналасындағы азаматтар, жақсы адамдар туралы ылғи да ерекше сезімін білдіріп, жылы сөздерін айтып жүруші еді», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

«Спорт дамуында дәл Денистей бірден жарқ етіп, жарық жұлдызға айнадып кеткен спортшы бұрын-соңды болмаған еді. Өзінің үлкен спорттық нәтижелерін көрсете білген Денистей спортшының мәнерлеп сырғанаудан жарқ етіп шығуы қазақ халқы үшін, қазақ спорты үшін үлкен бір жаңа құбылыс болған еді. Кешегі хабар әлбетте, әрбір дені сау адамның, азаматтың жүрегіне үлкен шоқ болып қадалғаны рас. Себебі, 25 жас деген – тек өмірдің бастамасы ғана емес еді. Денистің әлі де бергенінен беретіні көп еді», – деп пікір білдірді Республикалық спорт коллеждінің директоры Амалбек ТШАНОВ.

Денис Тен конькиге тұруды 6 жасында үйренген. Бастапқыда спортшыдан жарық жұлдыз шығатыны туралы ешкімнің ойына да кіріп шықпады дейді жаттықтырушылар. Өйткені, мәнерлеп сырғанаушылар үшін елімізде еш жағдай жасалмаған еді деп еске алады. Сондықтан Денис алғашқы сабақтарын сауда кешені ішіндегі жасанды мұздан алуына мәжбүр болған. Бірақ сонда да рухы өр жігіт, еліміздің атын әлі талай танытамын деген мақсатынан танбаған. Тіпті өзге мемлекеттен сан мәрте жасалған ұсыныстарды қабылдамай жүріпті.

«Ең алғаш рет мұзға аяғынан 6 жасында тік тұрғыздым. Басында келгенде өзі нәзік болғандықтан қыз екен деп қалдым. Артынша анасы оны Денис деген жігіт деп таныстырды. Қазақстанда өткен жарыстарда ешкімге дес бермеді. Пластикасы мықты, музыкадан хабары бар мықты спортшы екен. Мәнерлеп сырғанауда өзіндік мектебін қалыптастырам деп жүр еді. Әттең, орындалмай кетті», – деп көзіне жас алды Алматы қаласының мәнерлеп сырғанаудан бас жаттықтырушысы Әйгүл ҚУАНЫШОВА.

Ресейге жарысқа барған боз баланың талантты екенін әйгілі жаттықтырушы Татьяна Тарасова көріп, өз қол астына алған екен. Бүгін қазақстандықтармен бірге көз жастарын тия алмаған ресейлік әріптестері мен жаттықтырушылары да қайғырып көңіл айтты.

«Не деген сұмдық?!. Ауыр қаза! Дәл қазір анасымен сөйлескенімде, ол тірі болған еді... Оны баласына жібермей қойды. Ол – біртуар тұлға. Не деген ауыр қаза еді...», – деп қайғыра пікір білдіріпті мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы (Ресей) Татьяна ТАРАСОВА.

«Біз ешқашан ойламаған ауыр қаза орын алды. Күні бойы көзімізден жас тыйылмады. Өйткені, тек мықты мәнерлеп сырғанаушыдан бұрын, адамгершілігі мол азаматтан айырылдық. Юра мен Оксана, сіздердің жағдайларыңыздың қандай екенін ойлай да алмаймын. Ұлдарыңызды қорғай алмағанымыз үшін кешіріңіздер!», – деп егіледі мәнерлеп сырғанаушы (Ресей) Алексей ЯГУДИН.

Дос-жаран, туған туыстары мен әріптестері Денистің өмірде өте ақкөңіл, қамқор, ізетті жан болғанын айтады. Тіпті қатарластарының өзі Денистей болуға ұмтылып, тырысқан екен. Ол болашақта киноға түсіп, музыкамен айналысуды ойлап жүріпті.

«Дениспен кішкене кезден бірге өстік. Екеуміз жасты болсақ та, оны өзіме үлгі тұтатынмын. Оның спорттағы жетістіктерін көргенде шын қуанып, Денис сияқты болсақ екен деп армандайтынмын», – деп күрсінді Қазақстанның спорт шебері Андрей ЛЕБЕДЕВ.

Денис арамыздан кетсе де, оның жарқын бейнесі мен қайталанбас өнері әркімнің жүрегінде сақталары сөзсіз.  

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров