Қазақстанда онлайн-кредит нарықта қала ма? Оның ұтымды тұстары қандай, ал қандай кемшін жағы бар? 15 компанияның басын қосқан «Финтех» қауымдастығы осы тұрғыда өз пікірлерін білдірді. Оған қоса, олар шарықтап тұрған 300, тіпті кей жерлердегі 500 пайыздық мөлшерлемеге қатысты ойларын айтты. Дегенмен, осы тектес несиелеу нарығы бізде кең сұранысқа ие, дейді мамандар. Мәселен, бұқара 2015 жылы 2,5 миллиард теңге қарызға алса, былтыр бұл сома 40 миллиард теңгеге жетіпті.
Елімізде ресми дерек бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионнан астам адам бар. Яғни, халықтың бұл тобының күнделікті табысы болғанымен, зейнетақы қорына ай сайын аударым түспейді. Оның барлығы онлайн қарыз алушы болып саналғанымен, екінші деңгейлі банктер оларға несие бермеуі мүмкін.
«Егер онлайн нарық жоқ болса, онда ақшаға деген қажеттілік жоғалып кетпейді, қайда барады? Ол сол қылмыстық нарыққа, қарыз бен өсімқорлыққа әкеліп соғады. Сонда қарыз алушылар несие жоғары пайыздық үстеме, кепіл қою, тіпті доллармен берілсе де көнеді. Ондай жағдайда, тұтынушы қорғалмайды, салық төленбейді, мемлекет зардап шегеді», - деді «Казахстанская Ассоциация Финтех» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ерлан СМАЙЛОВ.
Қазақстанда онлайн-кредит қызметін ұсынатын шамамен 25 компания бар. Оның он бесі «ФинТех» қауымдастығының құрамына кіреді. Олар нарықтағы онлайн-несиелеудің 90 пайызын құрайды. Ұйымның мүшелері қатал ережемен жұмыс істейді. Ең алдымен қарыз алушының құқығы қорғалады екен. Тұтынушы несиені ең көп дегенде 3,5 есе үстемемен қайтарады.
«Үстеме, шын мәнінде үлкен сома емес. Мәселен, орташа есеп бойынша, бізден тұтынушы 55 мың теңгені 3 аптаға алды делік. 10 күнге алса, онда 65 мың теңге көлемінде қайтарады. Негізінде артық төлем сонда 3 аптаға 10 мың теңгені құрап отыр», - деді «Кредит24» компаниясының маркетинг бойынша директоры Жеңіс МУХИЕВ.
Қазіргі таңда қауымдастық мүшелері онлайн-кредиттеудің үстемесін 2 есеге төмендетуді ұсынып отыр.
«Адамдарда таңдау болуы керек. Біреулер ломбардқа барғысы келсе, басқалары үшін онлайн-кредит бар. Өз басым, онлайн-кредиттеуге қатысты дау-дамайды көргенім жоқ», - деді саясаттанушы Андрей ЧЕБОТАРЁВ.
Еске сала кетейік, мәжілісте онлайн-кредиттер беру нарығына шектеу қою туралы заң жобасы қаралып жатыр. Ал статистикаға сүйенсек, онлайн түрде қарызға ақша алатындардың басы бөлігі шалғай елді-мекенде тұратын азаматтар.
Жадыра Омаржан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы