Оңтүстікте шенеуніктер парамен ұсталды

19.09.2017 21:07

Үш шендінің қолына кісең тағылды. Аса ірі көлемде пара алды деген күдікке Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатов ілінді. Одан өзге, осы ұйымның аудандық бөлімшелерінің жетекшілері Мақсат Қарақұлов пен Әділжан Мақатай да бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының таратқан ақпаратына сәйкес "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы" мемлекеттік жобаны іске асыру аясында жұмыссыз азаматтарды кәсіпке дайындау және қайта дайындау бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасу үшін заңды тұлғалардан бопсалау жолымен жүйелі түрде пара алып отырған. Қылмыстық жоспар 2016-2017 жылдар аралығында жасалған. Пара көлемі келісімшарт сомасының 20-дан 30 пайызға дейінгі мөлшерін құраған, ақшалай есептегенде 3-тен 20 миллион теңгеге дейін екен. Қазіргі уақытта күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр