|
11.07.2018 | 12:10
3421

Жол ережесін бұзу бойынша салынған айыппұлды қосымша арқылы төлей аласыз

Жол ережесін бұзу бойынша салынған айыппұлды қосымша арқылы төлей аласыз

Жыл басынан бері 211 мың алматылық жол ережесін бұзып, оларға 1 миллион 400 мың теңге айыппұл салынған. Ал алматылық өнертапқыштар оны өтеудің балама жолын ойлап тапты. Арнайы қосымша арқылы сіз үйіңізден шықпай-ақ бірнеше тетікті басу арқылы төлей аласыз. Бұл бастаманы мобильді банкинг қызметіне ұқсағанымен, еліміздегі алғашқы қосымша болып отыр дейді жасаушылар.  

Өнертапқыштарға бұл бастама  2016 жылы келгенімен, оны жүзеге асыру былтыр ғана мүмкін болыпты. Қазір топтағы 5 адам 500 мыңнан астам қазақстандыққа қызмет көрсетуде. Қосымшаны пайдалану өте оңай. Бастысы, қолыңыздағы ұялы телефоныңыз ғаламторға қосылса болғаны. Онымен жол ережесін бұзғаныңыз үшін салынған айыппұлды ешқайда бармай-ақ төлей аласыз. Жүргізушілер де бұл бастаманы қолдап отыр.

«Жастардың қолға алған бастамалары өте жақсы. Өйткені қазіргі сандық форматқа өту барысында айыппұлдарды да онлайн төлеу қажеттілігі осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болды. Иә, қазір оларды өтеудің түрлері көп. Бірақ осы қосымша арқылы айыппұлды тез арада төлесе, сыбайлас жемқорлық деректері де жойылар еді», – деді Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард ЭДОКОВ.

Қазір республика көлемінде салынған айыппұлды бір апта көлемінде төлесеңіз, жартысын ғана өтеу қарастырылған. Қосымшаның артықшылығы да осында. Арнайы хабарлама арқылы қашан төлеу керектігі туралы хабардар болып отырасыз. Жоба авторларының айтуынша, ұзын-сонар кезекте тұрмай-ақ, мобильді банкинг қызметіне жүгінбей-ақ уақытты үнемдеуге болады. Цифрландыру заманында бұл керек дүние дегенді алға тартады жоба авторлары.

«Біз хабарлама жібереміз. Мысалы айыппұл салынған күннен бастап, жеті күн жеңілдік берілген. Ал оны азамат білмеуі мүмкін. Оған хат жеткенше бір апта өтіп кетеді. Сол себепті push-хабарландыру арқылы кез келген банк картасынан немесе жақын маңда орналасқан кассаға барып төлей алады», – дейді жоба авторларының бірі Әлібек НАРЫМБАЙ.

Бүгінде жол ережесін бұзып, айыппұл арқалағандар оны түрлі жолдармен өтеуде. Бірі төлем қабылдайтын терминалдар арқылы төлесе, енді бірі Қазпошта қызметін пайдаланады. Ал өнертапқыштар алдағы уақытта қосымша арқылы сақтандыру қызметі мен салық төлеу мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отыр.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир