Отандық өнертапқыштар әлемде еш баламасы жоқ озық бағдарлама ойлап тапты

06.08.2018 23:28

Бұдан былай кез келген ақпаратты хакерлерден 100 пайыз қорғай аласыз. Отандық өнертапқыштар әлемде еш баламасы жоқ бағдарлама ойлап тапты.

Алматылық мектеп түлектері төрткүл дүниеге таптырмас тың жоба ойлап тапты. Ақпараттық заманда әлемнің ірі компаниялары дәл осындай жаңа бағдараламаға тәуелді. Дербес деректі толықтай қорғайтын бұл технология жеке тұлғаға берілген сандық қолтаңбаны пайдалана отырып, шифрланған деректер мен хабарлардың түпнұсқасын сақтап әрі тексеруге мүмкіндік береді. Бастысы, қолдану кезінде криптографиялық кілттер құпия түрінде болуы тиіс. Бұл күн сайын ұялы телефонның аккауынтын бұзып, құпия мәліметін жарияға жар салуға дайын тұратын әккілерге тосқауыл қоятын қалқан болмақ.

Криптографиялық алгоритмді құрастырған 18 жасар Тимур Рысбеков бұл жобаның әлемде еш баламасы жоқ екенін алға тартады.

«Қазіргі таңда аустралиялық тау-кен өндірісімен айналысатын компаниямен келісім-шарт жүргізіп жатырмыз. Оған қоса, Канаданың әскери саласынан және Америка Құрама Штатынан да қызығушылық танытып жатыр. Қазір жобаны жалпыға ұсыну үшін инвестор тартуымыз мүмкін. Не болмаса, сол инвестор бір бөлігіне ғана қаражат салса болады. Қазірше, екі ай уақыт бойы кез-келген азамат бұл бағдарламаны бізге өтініш тастау арқылы пайдалануына болады», – деді өнертапқыш Тимур РЫСБЕКОВ.

Инновациялық жоба құрастырылып болғаннан кейін ТМД елдері арасында байқау өткен. Дауыс беру арқылы болған додада отандық өнертапқыштардың еңбегі тіпті, төрткүл дүниеге танымал Гугл компаниясының алдын орап, 40 ұпаймен топ жарған. Бағдарлама алты айдың ішінде толыққанды жасалып біткеннен кейін, жас өнертапқыштар оны ТМД елдеріндегі мықты деген ІТ саласының мамандарына сынатқан. Алайда, 3 миллион адам көшіріп алып, ешқайсысы бағдарлама алгоритмінің қыры мен сырын аша алмаған. Сондықтан құрастырушылар жобаның 100 пайызға шифрланған мәліметін сақтауға кепіл береді.

«Бұл бағдарламаны көбінесе өз мәліметтерін жасырын сақтағысы келетін корпорациялар пайдаланса болады. Сондай-ақ, өздерінің фотосуреттері мен видеоларының әлеуметтік желіге жарияланғанын қаламайтын азаматтар да пайдаланса болады. Қазір түрлі фильмдердің сценарийін көшіріп алып, интернетке салу фактілері тіркеліп жатыр. Біз бағдараламадағы бір файлды бұзған адамға 5 мың доллар сыйақы береміз деген едік. Ол жүктелген файл саны 5-еу болатын. Бірақ 3 миллион адамның біреуі де бұза алмады», – деді өнертапқыш Влад ВОЛОНСКИЙ.

Әзірге бағдарламаны жасау үшін 6 мың 300 доллар демеушілер тарапынан көрсетілген. Ал оны ары қарай іске қосу үшін маркетингтік жобаның өзіне кем дегенде, 100 мың АҚШ доллары қажет екен. Отандық қалталылардың қызығушылығы байқалмаса, жоба шетелдік компанияға сатылуы бек мүмкін.  

Әйкерім Ердәулетқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы