Отандық сақтандыру жүйесінде жаңа өзгерістер күтуде

Отандық сақтандыру жүйесінде жаңа өзгерістер күтуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық сақтандыру жүйесінде жаңа өзгерістер күтуде. Енді шетелге демалуға аттанған қазақстандықтар қиын жағдайға тап болса «ассистанс-компаниялар» көмекке келеді. Тағы бір жаңалық, көлік жүргізушілеріне берілетін полистер жіті бақылауға алынбақ. Мәжілісте сақтандыру саласына  қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланды. Жаңа құжат аясында омбдусмендердің өкілеттілігін кеңейту көзделіп отыр.

Ел шенділері туристерді сақтандыру тетіктерінің жаңа бағыттарын қарастырып жатыр. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрмановтың айтуынша, шетелге демалысқа аттанған отандастарымыздың қауіпсіздігін ассистанс-компаниялары арқылы іске асыру ұсынылып отыр. Демек, аталмыш делдалдар сақтандыру жағдайы туындаған кезде клиникалардың, сақтандыру компаниялары мен туристің барлық іс-қимылдарының оңтайлы тәртібін ұйымдастырады.

«Заңнамалық бастамада, мамандандырылған ұйымдар мен туристі сақтандыру арқылы қорғау қарастырылып отыр. Бұл тұрғыда ассистанс-компаниялар назарға алынған. Әлемде халықаралық тұтас желілер жұмыс істейді. Әрі, олар сол жерде сақтандыру жағдайы туындаған кезде туристке тікелей көмек көрсете алады», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат ҚҰРМАНОВ.

Мәжілісте талқыланған сақтандыру заң жобасы аясында депутаттар аталмыш саланың өзге де бағыттары толыққанды жетілмегенін атап өтті. Осыған орай, халықтың да күдігі басым көрінеді. Олқылықтарды жою жолында жүйелі қадамдар қажет екендігі де айтылды. Осы тұста, онлайн-сақтандыру жүйесін іске қосу ұсынылды. Бұл өз кезегінде қызмет жасайтын компаниялар жұмысының ашықтығын бақылауға мүмкіндік береді.

«Электрондық сақтандыру арқылы біз тұтынушыларды қорғай аламыз. Белгілі мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда нарықта адамдардың 10-20 пайызға жуығы жалған көлік сақтандыру полистарын алады екен. Бірақ, оны азаматтар білмеуі ықтимал. Электрондық жүйе енгізілсе, бұл олқылықтар жойылады деген ойдамыз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сергей СИМОНОВ.

Құжат сақтандыру омбудсменінің өкілеттігін кеңейтуді де қарастырады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов Қазақстан нарығында сақтандыру омбудсмені 10 жылдан астам жұмыс істеп келеді, деді.

«Еліміздегі сақтандыру омбудсменінің тәжірибесін ескерсек, заң жобасында бұл лауазымдағы азаматтың өкілеттігін кеңейту қарастырылған. Омбудсмен Қазақстандағы міндетті сақтандырудың саласындағы түрлі дауларды, әсіресе, көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін қатысты мәселелерді орынды шешіп келеді. Сондықтан бұл заң жобасында омбудсменнің қызметі саласын кеңейту қарастырылған айта кеткен жөн», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат ҚҰРМАНОВ.

Сақтандыру демекші, әлеуметтік-медициналық қорына жыл басынан бері 6 миллиард теңгеге жуық қаржы келіп түсіпті. Бұл мәліметтерді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» баспасөз қызметі жариялады. Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өткен жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 қаңтарына дейін 38 миллиард теңге құйған. Қордың мәліметінше, түскен қаржының 31,3 миллиарды, яғни 82,3 пайызы жұмыс берушілер тарапынан болса, 6,7 миллиарды жеке кәсіпкерлер мен келісімшарт бойынша еңбек ететіндерден жиналған.



Новости партнеров