Банктер қызметінде тұтынушылардан алынатын 40 түрлі комиссияның 11-і ғана қалдырылды – Ұлттық банк

Банктер қызметінде тұтынушылардан алынатын 40 түрлі комиссияның 11-і ғана қалдырылды – Ұлттық банк
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Борышкерлердің банк алдындағы берешегі азаяды. Қаржы институтынан ипотекалық қарыз алатын азаматтар енді банктен шот ашып, оны жүргізгені үшін комиссия ақысын төлемейді.

Бұдан бөлек, келісім шарт бойынша міндеттелген 40 түрлі төлемнің 11-і ғана қалатын болды.  

Ағымдағы жылдың 16-шы шілдесінен бастап,  ипотекалық қарыз алушыларға банктің шот ашып, оны жүргізгені үшін комиссия ақысын алуына тыйым салынады. Бұған дейін, 2014 жылы Ұлттық банк тарапы екінші деңгейлі қаржы институттарына қарыз алған азаматтардан мұндай қосымша төлемді талап етпеуі туралы өтініш хаттар жолдаған екен.

Кейінгі тексерістердің нәтижесінде, банктердің 40 түрлі комиссияға қаржы алатындығы белгі болған. Бұл аталған жүйені оңтайландыруға әкеп соққаны жасырын емес. Нәтижесінде, түрлі комиссия түрінің 11-і ғана сақталған.

Бұған дейін банктердің жеке тұлғаның өтінішін қарау, қарызды рәсімдеу және беру секілді қызметтеріне азаматтар, қалтасынан қосымша қаржы шығындап жүрген. Енді биылдан бастап, ипотекаға үй алатындар шоттың ашылуы үшін жыл сайын комиссияға  ақша төлемейді. Ал бұған дейін баспананы банктің берген берешегіне алғандар келісім-шарт бойынша өтеулеріне тура келеді.

«Банктен жеке тұлға 3 миллион теңге көлемінде қарызды 60 айға алды делік.  Ағымдағы шоттың комиссия ақысы жылына 0,77 пайызды құрады. Яғни, борышкердің комиссия үшін ай сайынғы төлемі 23 мың теңгені құрайды. 60 айдың ішінде оның барлық төлемі бас-аяғы 1 миллион 300 мың теңгеден асып жығылады. Бұл тек шоттың жүргізілгені үшін ғана, ал қарыз алушы одан бөлек, берешегінің пайыздық үстемесін төлеуі керек. Ұлттық банк сол үшін де осындай оңтайландыру енгізіп отыр», – деді ҚР Ұлттық банкі басқарма басшысының орынбасары ИМАН әл-КЕЙСИ.  

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов, бұл шешімді қос қолдап құптайтынын айтты. Өйткені, шот ашпай жатып, ипотекалық қарыз алудың мүмкін еместігін алға тартады. Ал экономикалық сарапшы Мақсат Халық бұқараның қаржылық білімінің артқанындығын біліп-баққан Ұлттық банктің осындай оңтайлы шешім қабылдауына әкеп тіреді дейді.

«Банктен қарыз алатын азаматтардың шот ашқаны үшін қаржы иституттарының қосымша комиссия ақысын алуы – дүкенге барып, сауда жасап әрі кассалық аппарат шығарған қағазға да ақша төлеумен тең ғой. Сондықтан, берешек беру мен шот ашу екеуі бір операция ретінде қаралғаны дұрыс. 4 жыл бұрын Ұлттық банк бұл бастаманы көтерген болатын. Заңнамалық тұрғыдан енді қолданысқа еніп отыр», – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі Айдархан ҚҰСАЙЫНОВ.

«Кез-келген банк шот ашқаны үшін комиссия алатын, одан бөлек ақшаны шешкені үшін комиссия алатын, одан бөлек, ақшаны алатын кезде 7 пайызын ұстап қалатын комиссиясы болатын тағы да. Мысалы, 1 миллион теңге алсаңыз, 70 мың теңгесін ұстап қалатын. Бірақ несие 1 миллион теңге деп рәсімделеді. Осындай түйткілді жайттар тұтынушылардың ашуына тиді деп айтуға болады», – деді экономикалық сарапшы Мақсат ХАЛЫҚ.

Айта кетейік, енді банктен алған қарызын төлей алмай, оны өндіру коллекторлық мекемеге өткеннен кейін, қаржы институты комиссия ақысы мен өзге де төлемдерді талап ете алмайды. Дегенмен, бұл өзгерістер тек ипотекалық қарызы бар азаматтарға бағытталғанын ескеру қажет.

Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров