Алматыда танымал мейрамханадан ас ішкендер жаппай уланып қалды

14.03.2018 16:14

Алматыда танымал мейрамханадан ас ішкендер жаппай уланып қалды. Дәрігерлердің айтуынша, олардың тоғызына сальмонеллёз диагнозы қойылса, екеуі өткір ішек инфекциясына шалдыққан. Медициналық көмек көрсетілген азаматтардың екеуінің жағдайы орташа ауырлықта болғандықтан ауруханаға жатқызылған. Өзгелері үйлеріне жіберіліпті. Ас ішемін деп ауру тапқандар өткен мереке күндері Бостандық ауданындағы мейрамханадан тамақтанған. Аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері жедел комиссия құрып, тамақтану орнын толық тексерген.

«Барлық науқастар диспепсиялық синдромымен шағымдарымен қаралды. Бұл құсу, жүрек айну, іш өту. Дене қызуының жоғарылауынан. Қазіргі таңда жатқызылған науқастардың жағдайы қанағаттанарлыққа жақын. Шығуға дайындалып жатыр», - деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бөлім меңгерушісі Бақыт ОТАҒАНОВ.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде мейрамхана санитарлық эпидемиологиялық рұқсат қағазынсыз жұмыс істегені анықталған. Санитарлық дәрігерлердің сөзінше, тіпті ас мәзіріндегі тағамдар өзге мейрамханадан тасымалданатын болып шыққан. Қазір қос нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды.

«Бостандық аудандық Қоғамық денсаулық сақтау басқармасының бастығының нөмірі бірінші қаулысы шықты. Жедел түрде сол нысанды тоқтату туралы. Екінші ауданаралқ экономикалық сотқа ауданарылық әкімшілік сотқа  материал жіберілді», - деді  Алматы қаласы Бостандық ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Гүлнұр СМАҒҰЛОВА.