Пәкістанда жанармай тасымалдайтын көлік жарылып, ондаған адам ауруханаға жеткізілді. Арасында әйелдер мен балалар бар. Қайғылы апаттың салдарынан 146 адам қаза тапқан. Бахавалпур қаласында тас жолда жүйіткіген бензин көлігінің дөңгелегі жарылып, аударылып кеткен. Нәтижесінде бактағы 26 мың литр сұйық отын төгіліп кетіпті. Жолға жайылған жанар-жағармайды жергілікті тұрғындар ыдысқа құйып алуға асыққан. Полиция қызметі халықты шетке ығыстыруға тырысқанымен, жұрт тәртіпке көнбей орнынан кері шегінбепті. Сол арада өрт шығып, адамдар жабайы жалынның арасында қалады. Оттың неден тұтанғандығы әлі белгісіз. Бірақ жарылыс темекі тұқылынан болған деген болжамдар бар. Жарылыстың қатты болғаны сонша, тіпті кейбір адамдарды тану мүмкін болмаған.
«Оқиға орнына тікұшақтар жеткізілді. Күйік шалған жағдайы мүшкіл азаматтар Мултан және Кхариян қалаларындағы күйікті емдейтін орталықтарға жөнелтілді», - деді біріккен әскер командирі Амджад ХАТТАК.