Парамен ұсталды:Алматыда 12 полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

03.04.2018 00:40

Жыл басынан бері Алматыда Ішкі істер органының 12 қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олар пара алу үстінде қолға түскен. Мұны жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мәлімдеді. Жалпы елімізде Ішкі істер органы пара алу бойынша көш бастап тұр. Соңғы үш айда тәртіптік комиссия 11 жиын өткізіп, нәтижесінде 23 құқық қорғау қызметкері тәртіптік жазаға тартылған.

«Жемқорлықты алдын алу мақсатында біз көбінесе семинар-тренингтерді өткіземіз. Полиция қызметкерлері, полиция қызметкерлерін үйрете алмайды. Барлығымыз жұмылдыра отырып, тыңдаушылар мен көрермендер қатарына жайғаса кетеміз. Ал мұндай тренингтерді өткізуге Ұлттық бюро, содан соң қоғамдық ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясының өкілдерін шақырамыз. Шет жақтағы мамандардың пікірін, ойын тыңдау,бұл, яғни бұл халықтың ойын тыңдау деген сөз», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Бүгінде Алматыда қала тыныштығын 6 мың полиция қызметкері бақылайды. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық тәртіп сақшыларының басын қосып, үлкен жиын өткізді.

«Ұлттық бюроның атынан, тергеушілердің атынан шыққан ұсыныстарды мемлекеттік тиісті органдар қарап, шара қолданып, тәртіптік жауапкершілікке шара қолданып, өздерінің қызметкерлеріне сондай ресми жауап беретін еді бұрын. Біз енді осы биылғы жылдан бастап форматты өзгертіп жатырмыз. Бұндай ұсыныстар ұжымның өзінде қаралып, тергеушілердің бәрінің қатысуымен, бұл жерде ұжым білу керек», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі Хәкім КУШКАЛИЕВ.


Теги: пара алу