Парижде теракт ұйымдастырғандар «Ислам мемлекетінің» содырлары

24.04.2017 16:59

Парижде теракт ұйымдастырғандар «Ислам мемлекетінің» содырлары. Қазақстанда тыйым салынған лаңкестік ұйым Франциядағы жарылысты өз мойындарына алды. Елисей алаңында қару асынған қандықол полицейлерге оқ жаудырып, біреуін мерт еткен еді. Атыс кезінде тағы екі тәртіп сақшысы ауыр жараланған. Одан бөлек, Парижге келген туристердің біріне де оқ тиіпті.                

Қылмыскер өзінің көлігімен келді. Кірпік қаққанша болмады, қолындағы қаруымен төңірекке жаппай оқ жаудырды. Жұрт жанұшыра жан-жаққа қашты. Кейін қылмыскерге оқ тиген болу керек. Жерде қансырап жатқан.    

Атыс кезінде қындықол жер жастанды. Ол - 39 жастағы Франция азаматы екен. Осыған дейін полицейлерге шабуыл жасағаны үшін істі болыпты.  

«Қауіпсіздікті күшейттік. Құзырлы орын өкілдеріне, тәртіп сақшыларына ешқандай қауіп жоқ. Болған жайтты егжей-тегжейлі тексеріп жатырмыз», - деді  Франция Президенті Франсуа ОЛЛАНД.

Қаперде болса, өткен жексенбіде Францияда президент сайлауының алғашқы кезеңі өткен еді. 2015 жылы Еуропадағы осы елде күшейтілген режим орнаған. Осыған қарамастан, соңғы 2 жылда Франциядағы түрлі теракт кезінде 230 адам қаза тапқан екен.