Астанада Елбасының қатысуымен жиын өтті

Астанада Елбасының қатысуымен жиын өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бас қаланы дамытудың жаңа аймақтары анықталды. Елбасы алдында есеп берген Астана қаласының әкімі бүгін шаһарды көркейту мен адамның өмір сүруіне жайлы болатын жаңа жоспарды таныстырды. Белгілі болғандай, алдағы уақытта әлеуметтік нысандарға басымдық берілмек. Яғни, биыл «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үй көлемі артып, 6 жаңа мектеп бой көтереді. 2025 жылға дейін 10 емхана ашылады деп көзделуде.

Астанада Президенттің қатысуымен өткен жиын бас қаланың болашағына арналды. Өйткені, дәл биыл Астана 20 жылдық мерейтойын атап өтпек. Қала әкімі  Әсет Исекешевтың есебіне тоқталмас бұрын, Елбасы алғы сөзді өзі бастады. Әрі, Елорданың аз уақытта жеткен жетістігін тілге тиек етіп, Американың танымал журналисті Ларри Кингтің сөзін мысалға келтірді.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев мерейтойды тиімді және пайдалы етіп өткізуді тапсырды. Сондай-ақ Астанамен бірге жақсы дамып келе жатқан екі қаланы ұмыт қалдырмады. Айтуынша, 2050 жылға дейін бас қалада тұратын  адам саны - 2 млн, Алматыда - 2 жарым миллион, Шымкентте  -1,5 миллионға жету керек. Осыдан кейін, Әсет Исекешевке де кезек келді. Ол болашақта іске асатын маңызды жобалармен таныстырды. Белгілі болғандай, ең алдымен Президенттің «5 әлеуметтік бастамасына» ерекше мән беріледі. Демек, жұртқа қолжетімді баспананың саны артып, биыл 6 мектеп бой көтереді. Әрі, 2025 жылға дейін 10 емхана тұрғызу көзделіпті. Тұрғын үй маңы мен қаланы абаттандыру жұмыстары да ұмыт қалмады.Студенттер жағдайын шешуде бар. Жатақхана мәселесін қазіргі кезде қаңырап бос тұрған хостелмен алмастыруды ұсынды.

«Бізде 26 мың студенті бар 35 колледж бар. Оның 1800-і  жатақханамен қамтылған. Қазір қалада 900 орынға шақталған 100-ге жуық бос тұрған хостелдер мен қонақүйлер бар. Мемлекеттік-серікстестік бағдарламасы аясында олар студенттерге қызмет көрсете алады. Бұл уақыт пен қаражатты үнемдеуге септеседі», - деді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ.

Есеп беру кезінде қала әкімі бас қаланың 4 аймақ бойынша әрі қарай дамитынын атап өтті. Оның жобасын дайындау үшін елдің кәсіби мамандары ат салысып жатқанын жеткізді. Белгілі болғандай, 2021 жылға дейін Талдыкөл өзенінің маңы тұрғылықты халық демалатын орынға айналады. Оған жергілікті бюджеттен 35 млдр теңге бөлінбек.

«2018 жылы шағын Талдыкөл өзенінде су деңгейін төмендету жұмыстары басталады. Екіншіден, ол демалыс аймағына айналады. Қазіргі кезде арнайы жобалар дайындалу үстінде. Жұмыстар 2018-2021 жылдар аралығын қамтитын болады», - деді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ.

Елбасы Кемероводағы жағдайды еске алды. Әрі, балалар қауіпсіздігі үшін барлық сауда орындарын жіті тексеруді тапсырды. Астана маңында жерді тиімді қолдана алмай отырған кәсіпкерлерден жер телімдерін қайтару керек деді. Қаланың қақ ортасында жападан жалғыз қалған ескі үйлер көзге түрпідей көрінетінін де сөз етті. Десе де, Елбасы Исекешевтың кей жауабына қанағаттанбады. Осыған орай сын да айтты.

Президент сонымен қатар, «Сергек» камераларының толық іске қосылмағанына ескерту жасады. 


 Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров