Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие болды. Әділет министрі таныстырған жаңа заңды Сенат депутаттары мақұлады. Ал жалпы отырыста мектептегі тамақтану мәселесін көтерген Бірғаным Әйтімова жергілікті білім беру басқармаларын сынға алды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие болды.Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңын мақұлдады. Айта кету керек, аталмыш құжат кеңестің жұмысын нақты, әрі тұрақты етпек. Жаңа заңды Әділет министрі таныстырды.
«Бұл жаңа норма емес. Қазіргі кезде аймақта, әлемде болып жатқан жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл шешім қоғам мен көрші мемлекеттерге еліміздегі жағдайдың тұрақты екенін білдірудің жолы. Маңызды жайттар қауіпсіздік кеңесінде талқыланады. Оны Президент басқарады»,-деді ҚР Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ.
Күні кеше өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысын тілге тиек еткен халық қалаулысы Бектас Бекназаров мақұлданған заңға қатысты пікір білдірді. Кеңейтілген отырыста қаузалған маңызды мәселелер ел қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайдың оңалуына тікелей қатысты екенін атап өтті. Осы бағытта Елбасының рөлі маңызды - дейді.
«Қазір қарап отыратын болсақ, ұлттық қауіпсіздік жалпы қауіпсіздік мәселесі. Қорғаныс мәселесі. Әрбір мемлекет бұл мәселені қазіргі кезде өте жоғары деңгейге қойып, ұстап отыр. Өйткені жалпы өзіміз көріп жүргендей үлкен әлемдік көзқарастағы саясатты қарап отырсаңыздар бұл мәселе мемлекеттің алдыңғы қатарға қоятын мәселелердің негізі болып отыр»,-деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Бектас БЕКНАЗАРОВ.
Бірғаным Әйтімова осы жерде мектептегі тамақтану жағдайын көтерді.100 теңгеге қара судың да келмейтіні рас. Уланудың негізгі түйіткілі де осында. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы келтірген көрсеткішке сәйкес, ағзасы жаңадан қалыптасып келе жатқан жас өспірімдердің ішетін тағамы пайдалы болуы тиіс. Ал отандық асханалардағы қара ботқаның құнарлығына күмән туары сөзсіз - деді.
«Өкінішке қарай, соңғы кезде жеке кәсіпкерлер қызмет көрсететін бірқатар мектеп асханаларында ас мәзірі талаптарға сай келе бермейді,тағамдар технологиялардан ауытқумен әзірленеді. Сонымен қатар, есептен жеу және кем өлшеу жағдайлары кездеседі. Тендерлер өткізу кезінде бірқатар облыстарда жергілікті білім беру басқармалары тағам құнының бір оқушыға санағанда тек қана 100 теңгеден аспауын талап етеді. 100 теңгеге не әзірлеуге болады?»,-деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Бірғаным ӘЙТІМОВА.
Осы орайда, өкілетті органдармен бірлесіп, жаппай бастауыш сыныптардың оқушыларын ыстық тағаммен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеп, оларды іске асыру ұсынылды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру тұрғысында қызмет көрсету туралы шарттардың қолданылуы мерзімін бір жылдан үш жылға дейін ұзарту мәселесі көтерілді. Бұдан бөлек дін әстер және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев үкіметтік ұйымдардың жұмысын, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың іске асуын реттейтін заң жобасын ұсынды. Аталмыш заңда Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Польша, Франция мен Хорватия сынды елдердің халықаралық тәжірибесі ескерілген.
Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, «Алматы» телеарнасы Астанадан