Парламент Сенаты депутаттарына дауыс беру науқаны аяқталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Парламент Сенаты депутаттарына дауыс беру науқаны аяқталды. Республиканың 16 аймағында орналасқан бөлімшелерде таңғы 8-ден бастап маслихат депутаттары электрондық жүйе арқылы тіркеуден өтіп, дауыс беруге қатысушы саны 98 пайыздан асты. Демек, сайлауға қатысуға қажетті кворум өз деңгейіне жетті. Айтулы додада 3291 адам өз таңдауын жасады. Дауыс беру түскі сағат 13.00 аяқталды.

«Әрине ТМД елдері миссиясы өткен сайлауға қатысты өз қорытындысын жасайды. Бірақ менің айта кеткім келетіні, біз саяси науқанды маусымның 14-нен бастап бақылай бастадық. Дайындық пен үгіт-насихат жұмыстарының басы- қасында болдық. Осыған орай, сайлау ҚР Конституциясы мен заң талабына сай өтті деп айта аламын», - деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау барысын бақылайтын ТМД елдері миссиясының жетекшісі  Виктор ГУМИНСКИЙ.

Көп дауыс жинаған кандидаттарға тоқталар болсақ, олар  Парламент Сенатының 4 депутаты, 2  әкім орынбасары, облыстық орталықтың әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы, жоғары оқу орнының ректоры, саяси партияның екі өкілі, қалған 2-уі жеке және арнайы мемлекеттік органдардың өкілі. Астанада бәйгеге қатысқан екі үміткердің ішінде Мамытбеков Еділ 23 дауыспен жеңіске жетсе, Алматы да Динар Нүкетаева 32 дауыспен алға шықты. Сайлау науқанын назардан тыс жібермеген шетелдік байқаушылар сайлаудың өз деңгейінде өткенін атап өтті. Заңсыз әрекеттер тіркелмеген.

«Сайлау заң аясында ойдағыдай өтті. Мен барлық қазақ халқын  құттықтаймын. Жеке бағамды берер болсам, демократиялық ұстанымдардың барлығы сақталды. Ешбір заңбұзушылық тіркелген жоқ», - деді ТМД достастығының бақылаушылар миссиясының өкілі Мирза-Улугбек АБДУСАЛОМОВ.

Айта кетейік, тізімге 38 кандидат тіркелген болатын. Оның тек 16 ғана Парламенттің жоғарғы палатасаның депутаты мандатына ие болмақ. Сонымен қатар, саяси доданы 288 шетел өкілі бақылады. Науқанды ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарына 92 млн теңге  бөлінген. Сайлаудың қорытынды нәтижелерін Орталық Сайлау Комиссиясы барлық өңірден келіп түсетін протоколдардан кейін шығаратын болады.


Новости партнеров