2021 жылдан бастап елімізде жеке куәліктерді латын қарпімен беру көзделуде

14.02.2018 23:09

2021 жылдан бастап қазақстандықтардың жеке куәліктері мен басқа да құжаттарын латын графикасы негізінде мемлекеттік тілде беру көзделіп отыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов айтты. Министр орынбасарының айтуынша, латын әліпбиіне көшудің бірінші кезеңі 2018-2020 жылдарға жоспарланған. Осы уақыт аралағында латын графикасы негізінде жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу қағидалары, мәтінді латын әліпбиіне аударудың ІТ қосымшалары әзірленбек. Ал екінші кезең 2021-2023 жылдары қолға алынбақ.

«2021-2023 жылдары латын графикасы негізінде мемлекеттік тілде Қазақстан Республикасының төлқұжатын, жеке куәлігін және басқа да құжаттарды беруді қамтамасыз ету көзделген. Филологтар мен ғалым-лингвистерді тарта отырып, орталықтардың оқытушылары мен ересек халықты үйрету үшін семинарлар мен лекциялар, курстар ұйымдастырылатын болады», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.

Қожағапанов 2024-2025 жылдары аралығында мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының және баспалардың құжат айналымдарын кезеңменен көшіру жоспарланғанын айтты.