Павлодарда жантүршігерлік жол апаты болды. Апалы-сіңілі оқушылар трамвайдың астында қалды. Ауыр жарақат алған 10 жасар қыз оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал, оның 8 жастағы сіңілісі аса ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған ми жарақаты диагнозын қойыпты. Оқыс оқиға Ломов көшесінің қиылысында болған. Павлодар трамвай басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, №1 маршрутты трамвай алюминий зауытына бара жатқан. Рельсті көлікті 1987 жылы туған, бес жылдық жүргізушілік тәжірибесі бар жүргізуші тізгіндеген.
¤«Трамвайдың қатысуымен болған жол апатына қатысты қазір сот алды тергеу басталды. Іс қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-ші тармағы бойынша қаралады. Оқыс оқиғаға байланысты қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Трамвай жүргізушісі қамауға алынды. Бұл бап бойынша ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін»,- деді облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Руслан ОСПАНОВ. ¤¤
Жеткіншектердің жолды үлкендердің көмегінсіз өздері өткендігі белгілі болды. Апалы-сіңілі оқушыларды осы күнге дейін тек анасы тәрбиелеп келген. Отбасы осыдан бірнеше жыл бұрын отағасынан айырылған екен. Павлодардағы мейірімді жандар клубы жанұяға көмек көрсету мақсатында қаражат жинауды бастап кетті. Бұл ретте, трамвай басқармасы да отбасына қол ұшын созуға дайын.