69 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны Елубай Армашев психдиспансерге 15 жылға күштеп тоғытылғанын дәлелдей алмады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.
Зейнеткер бұған дейін екі бірдей психдиспансердің дәрігерлерінің үстінен шағымданған болатын. Десе де, ақ желеңділердің кінәсі сотта дәлелденбеді. Сот шешімін судья Ажар Баймұхамбетова жариялады.
«Елубай Армашевтың Атырау орталық психикалық денсаулық орталығы мен Павлодар облыстық психоневрологиялық диспансерінен моральдық зиян келтіру бойынша өтемақы өндіру жөніндегі арызы қанағаттандырылмайды», – дейді судья.
Сот қызметкерлерінің айтуынша, айыптаушы тараптың талаптарын орындау үшін дәлелдер жеткіліксіз. Отырыс барысында Қарағанды мемлекеттік университетінің тәуелсіз сарапшыларының пікірі тыңдалды.
Сарапшы Лариса Мациеваның айтуынша, бұл азамат емделген екі медициналық мекеме қызметкерлерінің әрекеті заңды болған.
«Зейнеткерді емдеу барысында пайдаланылған препараттарды қолдануға рұқсат етілген. Ол дәрілер осы салада кеңінен пайдаланып келеді. Ал инсулинокоматоздық терапия өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін қолданылған. Сырқаттың медициналық картасындағы ақпараттарға сүйенсек, оны ауруханаға жатқызуға негіз болған», – дейді Лариса Мациева.
Десе де, айыптаушы тарап сот шешімімен келіспейді. Алдағы уақытта аппеляциялық тәртіпте сот органдарына тағы шағымданбақ.
Еске сала кетсек, Павлодар тұрғыны Атырау және Павлодар психдиспансерлерінен моральдық зиян келтіргені үшін 3 млн теңге талап еткен. Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі 15 жыл бойы психотроптық препараттармен күштеп емделгенін дәлелдемекші болған.
Елубай Армашевтың айтуынша, бұған жұбайы кінәлі. Ажырасқысы келмеген жұбайы оны психдиспансерге қаматып тастаған.