Павлодарлық жол полицейі балаларды жол апатынан құтқарды

20.02.2017 16:51

Павлодарлық жол полицей жарысқа бара жатқан балаларды жол апатынан аман алып қалды. Ержүрек сақшы қызметтік көлігімен балалар отырған автобусты алып келе жатқан. Кенет, қарсы бетке шығып келген Камазды көріп, тізгіндеген тұлпарын жолдың бойына көлденең тосып, жүк көлігімен соқтығысқан. Балалар отырған автобус аман қалуы үшін полиция старшинасы Мұрат Нұрсейітов ауыр соққыны өзіне алды. Апат Павлодар-Астана тас жолында болған. Апаттан аман қалған автобуста шаңғы жарысына бара жатқан 18 бала мен төрт тәрбиеші болған. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

«Полиция старшинасы Мұрат Нұрсейітов  Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылды. Қазір ол реанимацияда жатыр, оның жағдайы ауыр күйде. Ал мектеп автобусынан ешкім зардап шекпеді. Аталған жағдайға байланысты қылмыстық кодекстегі 345 бап бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде»,- деді Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметінің бас маманы, Алма МҰСАБЕКОВА.