Ауыр жүк көлігімен артық тауар тасымалдағандар 1 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Бүгін тас жолға тас түйін дайын болмай шыққандарға жаппай шара қабылданды. Әсіресе, жүк көлігін тізгіндегендердің техникалық талаптары тыңғылықты тексерілді. Тіпті, артқан жүктің құжаты да қатаң қадағалаудан өткізілді.
Бүгін таңертеңнен бастап Алматыға өзге өңірден ағылған ауыр жүк көліктері тыңғылықты тексерілді. Олардың техникалық талапқа сай келуі, тиеген жүгі мен тасымалдап бара жатқан тауарларының құжатына дейін қатаң қадағаланды. Жыл басынан 600 жүк көлігі тоқтатылып, ережені елемегендер айыппұл арқалап қайтты.
«Қазір 20-ға жуық көлік тиісті бақылаудан өтіп, көліктік заңнамаға сәкес, жөнелтпе құжатын ұсынбаған үшін 1 хаттама толтырылған болды. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, беске жуық әкімішілік-құқық бұзушылық анықталды. Жыл басынан бері 600-ге жуық автокөлік құралдары тексеріліп, 154-і бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», - деді Алматы қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Ерлан ЖҮСІПОВ.
Қала ішінде жүгімен қосқанда салмағы 25 тоннадан асатын көліктің жүруіне рұқсат етілмейді. Әйтседе, бұл талапқа мән бермейтін жеке тұлғалар 300 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Ал заңды мекемелердің мойнына, тіпті 1 миллион теңгеден астам берешек ілінеді. Бұдан бөлек, тиеп бара жатқан тауарға қатысты тиісті құжатында қателігі барлар 48 мың теңге айыппұл арқалайды. Шым қаладан Алматыға келген Рүстем Миралиев та осындай заң бұзушылыққа жол бергені үшін 24 мың теңгені тездетіп төлеуге міндеттелді.
Рейд барысында жеңіл авто көліктерде тоқтатылып, емін-еркін құжатсыз жүргендер анықталды. Олардың темір тұлпарлары айып тұрағына әкетілді.
Былтыр Ақтөбедегі автобустың апатынанан кейін, көліктік бақылау инспекциясы Алматыда қала ішінде қатынайтын 10 мың қоғамдық көліктің техникалық жағдайын жіті тексерген еді. Оның 2 мыңы мүлдем техникалық байқаудан өтпеген. Оған қоса, 3 мыңнан астам көлік жүргізушісі әр алты ай сайын өтуі тиіс талапты орындамай, құжатын жаңартпаған күйде жолға шыққан. Бұдан бөлек, 3 күннің ішінде Алматыға ойдан-қырдан келетін 400-ден астам қоғамдық көлік бақылаудан өтіп, оның тең жартысы айыппұл арқалап, екеуінің жолға шығуына мүлдем тыйым салынған еді.
Әйкерім Ердәулетқызы, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы