Алматыда тұңғыш ALMATY FILM FESTIVAL кинофестивалі басталды. Халықаралық деңгейдегі өнер бәйгесі Республика сарайының алдында өтіп жатыр. Онда дәстүрлі қызыл кілем жайылып, отандық және әлемнің әр түкпірінен келген киногерлер жиылды. Ал салтанатты шара аяқталысымен әйгілі Канн фестивалінде жүлде алған «Айка» фильмінің көрсетілімі басталмақ.
Киносүйер қауым көптен күткен өнер мерекесі басталды. Қазір ALMATY FILM кинофестиваліне әлемнің әр түкпірінен келген мәртебелі қонақтар дәстүрлі қызыл кілем үстінен жүріп өтуде. Барлығы да сәнді смокинг пен әдемі көйлек киіп, келушілердің көзін қуантты. Салтанантты шараға отандық танымал киногерлердің барлығы жиылған. Кинофестивальдің тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанына қарамастан, шетелден келген атақты киногерлер де өте көп. Олардың қатарында танымал неміс актрисасы Настасья Кински де бар.
«Алматыға бұрын келгенімде де қала өте ұнаған еді. Енді міне, фестивальдің арқасында тағы жол түсіп тұр. Өте қуаныштымын. Жалпы, Алматы мен үшін ерекше әдемі, ыстық қала. Әсіресе, мұнда түрлі ұлттың айрандай ұйып, тату-тәтті өмір сүріп жатқанына таң қаламын», – деді актриса (Германия) Настасья КИНСКИ.
ALMATY FILM кинофестивалі бүгін таңнан басталды. Шараның шымылдығын кәсіби мамандар емес, кішкентай балалар ашты. Олар үшін әуелі арнайы қызыл кілем ұйымдастырылды. Бірінен бірі өткен көйлектерін киіп, ерекше сәнденген кішкентай бүлдіршіндер қызыл кілем үстінде өздерін нағыз өнер жұлдызы сезінді. Одан кейін балалар үшін кинотеатрдың қос залында «Көліктер» мен «Арыстан патшасы» мультфильмдерінің көрсетілімі өтті. Балалардың бұл қуанышына ортақтасуға «Арыстан патшасын» түсірген режиссер Роберт Минкоффтың өзі келді.
Алғысөзді алған қала әкімі Бауыржан Байбек, кішкентай көрермендерге мәртебелі қонақтарды таныстырды. Әкім көптің көңілінен шығып, кино тарихында ең мол кассалық табыс жинаған туынды жасаған аңыз адамның Алматыға келуі үлкен құрмет екенін тілге тиек етті.
«Мен бұл кинофестивальдің балаларға арналған қызыл кілеммен басталғанына қуаныштымын. Өйткені, біздің ертеңгі болашағымыз және киноның болашағы осы кішкентай бүлдіршіндеріміздің қолында. Біздің «Болашақ» корпоративтік қоры «Уолт Дисней» студиясымен 2011 жылдан бері бірлесіп жұмыс істеуде. Осы уақыт аралығында Диснейдің 27 мультфильмін қазақ тіліне аудардық. Балаларымыз әлемге танымал болған, тамаша анимациялық туындыларды қазақ тілінде көре алатыны қуантады. Фестиваль аясында да кішкентай көрермендеріміз үшін арнайы көрсетілімдер болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
ALMATY FILM FESTIVAL кинофестивалі 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында көрермен назарына 30 кинотуынды ұсынылады. Олардың оншақтысы корнкурстық бағдарламаға қатысып отыр. Қазыларды тәнті етіп, үздік шыққан Гран-при иесіне 3 миллион теңге беріледі. Ал «Үздік режиссер» 2 млн теңгені қанжығасына байлайды. «Үздік актер мен актриса» және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинацияларына 1 миллион теңгеден қарастырылған.
Айта кетсек, фестивальге қатысушы фильмдердің бағасын танымал киногерлер береді. Қазыларға ресейлік танымал режиссер Сергей Бодров төрелік етеді.
«Фестивальдің пайдасы өте зор. Көрермендер сапалы фильмдерді тегін көруге мүмкіндік алады. Ең бастысы, мұнда кино өнеріндегі жаңа есімдер белгілі болады. Жалпы, өз басым осы өнер бәйгесінде қазылық еткеніме қуаныштымын. Бұл кинофестивальдің болашағы зор деп ойлаймын. Алдағы 4 күнде өте қызықты фильмдер көреміз және оларды лайықты бағалап, жас таланттардың жолын ашамыз деп үміттенемін», – деді қазылар алқасының жетекшісі, кинорежиссер (Ресей) Сергей БОДРОВ.
Кинофестиваль шеңберінде әртүрлі бизнес-форумдар ұйымдастырылып, танымал киногерлер өз шеберлік сабақтарын өткізеді. Көрсетілімдер «Достық Плаза» кешеніндегі «Синемакс» және ЦУМ-дағы «Люмиера синема» кинотеатрларында көрсетіледі. Ал фестивальдің шымылдығын биыл Канн кинофестивалінен жүлде алған, режиссер Сергей Дворцевойдың атақты «Айка» фильмі ашады. Туындының қазақстандық көрермендер үшін тұсаукесері кешкі 20:30-да осы Республика сарайында өтеді.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы