Петропавлдағы музей коллекциясы мамонт сүйегімен толықты

26.07.2018 20:14

Петропавл тұрғыны Александр Ремшов балық аулау кезінде тауып алған мамонттың сүйектерін облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Табиғат бөлімінің ғылыми қызметкері Максим Сорочинскийдің айтуынша, петропавлдықтың тапқан олжасы - ірі мамонттың жамбас сүйегі мен мойын омыртқасы. Қазір оны зерттеп жатыр.

«Табылған мамонт сүйектері біздің өңірге тиесілі. Соңғы сүйектер осыдан екі жыл бұрын табылған еді. Оны Тайынша ауданы Зеленый Гай кентіне жақын жерден, Ертіс өзенінің жағалауынан тапқан. Әдетте, сүйектерді жағалаудың опырылған жерлерінен тауып жатады», – деп атап өтті М. Сорочинский.