Неміс дәрігері өлім аузында жатқан отандасымызды аман алып қалды. Білікті профессор жүрек талмасымен бұрыннан ауыратын науқасқа биопсергентті стент орнатып, тың операция жасады. Бір жарым сағатқа созылған ота сәтті өткен. Қазір қызылжарлық тұрғынның жағдайы жақсы көрінеді. Бұрын-соңды мұндай операция Қазақстанда мүлдем жасалмаған екен. Отаның жаңа түрі бұдан былай елімізде кеңінен қолданылмақ.
Вернар Хабербош - Зуль клиникасының атақты профессоры. Жүрекке ота жасап жүргеніне биыл жиырма жылдан асқан. Петропавлға келген бойда денсаулығы сыр берген науқасқа ота жасап, жүрегіне биопсергентті стент орнатыпты. Күрделі операция бір жарым сағатқа созылған. Осыдан кейін, отандасымыздың жүрек қағысы жақсарыпты.
«Заманауи стенттер Германияда бұрыннан қолданылады. Ерекшелігі сол - иілгіш металл адам ағзасына жарты немесе бір жылда бітіп кетеді. Қан айналымын жақсартып, жүрек қағысын жақсартады. Мұндай операцияны көбіне орта жастағы адамдарға жасаймыз», - деді Зуль клиникасының профессоры Вернар ХАБЕРБОШ (Германия).
Жүрекке орнатылатын биопсергентті стенттер Германияда жасалады. Адам ағзасына ешқандай зияны жоқ екен. Құны да қымбат емес. Орташа есеппен 800 мың теңге көлемінде. Шетелдік әдіс енді Қазақстанда кеңінен қолданылатын болады. Бұдан былай, жүрек талмасымен ауыратын отандастармызға стендттер тегін орнатылмақ.
«Жыл сайын 400-ге жуық стент орнатамыз. Оның жартысынан көбі 60-тан асқан адамдарға қолданылады. Өйткені, егде жастағылардың көбі жүрек талмасына жиі ұшырайды. Мұндай операция енді елімізде тегін жасалатын болады. Барлық шығын мемлекет есебінен өтеледі», - деді кардиология орталығы бас дәрігерінің орынбасары Асхат ЖОЛЖІГІТОВ.
Неміс дәрігері петропавлдық тағы 3 тұрғынға ота жасауды жоспарлап отыр. Шетелдік озық әдісті отандық медиктер қазір меңгеріп жатыр. Өткен жылы теріскейдегі осы орталықта 6 жарым мың адам жүректеріне ем қабылдаған екен. Ал стенттерді импаланттау әдісі Қазақстанда алғаш рет қолданылды.
Дастан Сейілханұлы, «Алматы» телеарнасы, Петропавл