Алматыдағы бірқатар мәселені бүге-шүгесіне дейін шешу үшін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қала активтерімен кездесті. Әуелі кәсіпкерлердің көтерген мәселелерімен танысты. Бизнес өкілдерінің өкпесі де жоқ емес екенін жасырмады. Әсіресе, несие алудағы пайыздық мөлшерлемені ақылға қонымды етіп, пысықтайтындықтарын жеткізді.
Кәсіпкерлердің қолжетімді пайызбен несие алу жүйесі қайта пысықталмақ. Бизнесмендер бас қатырған бұл мәселеге енді Нұротандықтар да араласатын болды. Мұны Алматыға арнайы ат басын бұрған партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты. Ол - іскерлердің үкіметтің субсидиясына ғана алақан жайып отырғаны жарамас, дейді.
«Тек қана сол субсидияның арақасында ғана емес, экономикада біздің бизнесмендер үшін, несие алған кезде пайыздардың төмендігін экономикамызда қамтамасыз етуіміз керек. Осы мәселені кәсіпкерлер көтеріп жатыр. Жолдарын «Нұр Отан» партиясында экономистерді, сарапшыларды шақырып, талқылайтын боламыз. Үкіметпен де ақылдасатын боламыз. Жалпы бүгінгі бизнестегі ең үлкен мәселе-несиелердің қаржыларын қолжетімділігін қамтамасыз ету», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ.
Алматы кәсіпкерлерін қолдау бекер емес. Өйткені қала қазынасының тең жартысын толтырып отырған осы бизнес өкілдері. Іскерлердің ісі алға бассын деп, базарларды үлкен орталыққа айналдыру жұмысы әрі қарай жандана бермек. Қазірдің өзінде 16 базар толықтай жаңартылған. Нәтижесінде 20 мыңнан астам кәсіпкер мен 25 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Бұл бастама әуелі саудагерлер мен бұқараның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«Былтыр біз тұрғындардан келіп түскен 120 мың өтінішті қарадық. Қоғамдық көлікпен жүруде жеңілдік беру, коммуналды шығынға қатысты қаржылық қолдау көрсету жағын пысықтадық. Жалпы әлеуметтік әлсіз топтарға жәрдем беріп келеміз. Осы ретте қала билігі мен мемлекет тарапыны бұқараға барынша көмектесуге тырысып бақты. Қалалық мәслихат депутаттары Алматының ыңғайлы әрі ақылды қалалардың қатарында болуына айтарлықтай үлес қосып жатқандығы әрі қарай жалғаса береді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Бас қосу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бей-берекет өтетін жиындар доғарылсын, деді. Көп сөзді қойып, іске көшу керектігін айтқан ол «Цифрлы Қазақстан» жобасын қолдау мақсатында партия өзінен бастасын деп те қысқа қайырды.
Әйкерім Ердәулетқызы, Рашиддин Якупов «Алматы» телеарнасы