Pixar студиясының «Суперотбасы-2» мультфильмі қазақ тіліне аударылды

15.06.2018 17:21

Бұл жолы көрермен назарына көптен күткен «Суперотбасы-2» анимациялық фильмі ұсынылды. Соның арқасында осыдан 14 жыл бұрын шыққан «Суперотбасы» фильмінің жанкүйерлері, өздерінің сүйікті кейіпкерлерімен қайта қауышты. Ең бастысы, фильмнің екінші бөлімін қазақ тілінде тамашалады. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қызықты туындыда ғаламды құтқару үшін күрескен қаһарман отбасы туралы баяндалады. Кейіпкерлер сол қалпы қалғанмен, жаңа фильмде ерекше қырынан көрінеді. Оларды қазақша сөйлету үшін мамандарға 3 айға жуық тер тегуге тура келген. Дубляждағы әрбір дауысты дыбыстайтын актерлерді «Уолт Дисней» компаниясының өзі таңдаған екен. Мультфильмді мемлекеттік тілде дыбыстауға бас-аяғы 60-тан аса актер қатысқан. Олардың ең жасы небары 11-де.

«Профессионал актер үшін бұл рахаттанып жасайтын жұмыс. Себебі, бұл нағыз дубляж. Кейіпкермен бірге өмір кешесің, интонациясын іздейсің, характерін іздейсің. Сондықтан, бұл да актер үшін өте мұқияттылықты қажет ететін жұмыс»,-деді дубляж актёрі Сайлау ҚАМИЕВ.

Жобаны жүзеге асырушылар «Суперотбасы-2» фильміне әлемнің әр түкпірінде сұраныстың зор екенін айтып отыр. Сондықтан оны қазақ тіліне аударып, жас ұрпаққа насихаттауды қолға алыпты. Туынды қазақ тіліне «Болашақ» Қауымдастығының Корпоративтік қоры мен отандық құрылыс компаниясының қолдауымен дыбысталған. Айта кетсек, «Суперотбасы-2» мемлекеттік тілде дубляжданған 24-ші фильм.

«Біз дубляжға негізінен барлық отбасымен бірге отырып тамашалауға болатын фильмдерді таңдаймыз. «Суперотбасы-2» тек балаларға арналған туынды емес, отбасылық фильм. Сондықтан, осыған және фильмнің рейтингіне мән бердік. Бұл өте маңызды. Жақсы фильмдер кассалық түсімдерден өндірістік шығындарды ақтайтыны анық»,-деді «болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара ШӘЙЖҮНІСОВА.