1998 жылдың 6-шы шілдесінде Елбасы Жарлығымен «бас қала» мәртебесін алған Елорда бүгін мерейтойын ауқымды түрде атап өтуде. Қала әкімдігі түрлі концерттік шаралар мен ойын-сауық бағдарламасын таң атқаннан түн ортасына дейін өткізуді жоспарлаған. Ал шаһар жұрты болса тойланып жатқан мәдени шараларға ерте бастан келіп, өз құттықтау-тілектерімен бөлісуде.
Таң атысымен астаналықтарды қаланың әр түкпірінде өтіп жатқан алуан түрлі мерекелік шаралар қуантуда. Ең алғаш болып Астанаға деген махаббаты мен құттықтауын бес оркестр құрамындағы 200 музыкант жеткізді. Олар үрмелі аспаптармен Республика даңғылы бойында түрлі әуендерді ойнап өтті. Бұл мәдени шара «Астана самалы» атты үрмелі аспаптар фестивалінің аясында ұйымдастырылды.
«Мені түрлі сезімдер баурап алды. Мен еліммен, Астанаммен мақтанамын. Ел тірегі, жүрегі болған бас қаламыз көркейе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бұл біз үшін ең бастысы.» «Мені түрлі сезімдер баурап алды. Мен еліммен, Астанаммен мақтанамын. Ел тірегі, жүрегі болған бас қаламыз көркейе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бұл біз үшін ең бастысы», – дейді оркестр мүшесі Саят ҚАПЫЗОВ.
Музыкалық аспап ұстағандар жергілікті жұртты қатты қызықтырды. Өйткені, ойнаған әуендері жасы мен кәрісіне мерекелік көңіл-күй сыйлады. Олардың айтуынша, 20 жасқа толған Астананың жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Осыншама уақыт ішінде салынған қала әлемде әлі жоқ деді.
«Керемет көрініс. Қандай өнер! Астанамыз мұндай тойға лайық. 20 жылда біздің Астана талай биіктерді бағындыра білді. Әлемдік аренада әлі жетерміз көп», – деп сүйсініс білдірді қала тұрғыны Александр ЮДИН.
«Мен бақыттымын. Қазір қаламыз қандай әсем! Бар-жоғы аз ғана уақыттың ішінде өзгерді. Астана әлемді әлі талай таңқалдырады. Мен оған сенемін!», – деді тағы юір қала тұрғыны Лидия ЧУРИЛОВА.
Сондай-ақ, Астананың туған күніне орай үлкен қазанда палау пісірілді. 20 жасқа толған Елорданың құрметіне өзбектің 20 түрлі палауы таратылды. Мерекеге көрші мемлекеттен арнайы келген қонақтар бауырлас елдің бірлігі нығая берсін деген тілек білдірді.
«Астананың 20 жылдығына орай 20 қазанда 20 келіден ас асып отырмыз. Піскен асты халыққа беріп жатырмыз. Бүгін туған 20 балаға өзіміздің ұлттық шапанымызды береміз», – дейді шара ұйымдастырушысы Ганышер РАЙЫМҚҰЛОВ.
Мерей тойға қатысты негізгі шаралар кешке жоспарланған. Қалалық әкімдік алдында өнерпаздар бір сағаттан кейін ән шырқаса, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақ елі» монументі алдында концерт 20:00-де басталады. Онда отандық және шетелдік жұлдыздар ән шырқайды. Қазір ол жерде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, қазірден бастап келушілер көп.
Бас қаланың туған күнін тойлау түнге дейін жалғасатын болады. Мереке соңында Астана аспанынан от шашуды тамашалайды.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы