Қоғамдық көліктерге орнатылған камера арқылы жазда 25 қалта ұрысы қолға түскен

05.09.2017 10:41

Қоғамдық көліктерге орнатылған камера арқылы жаз мезгілінде 25 қалта ұрысы қолға түскен. Алматы қалалық Ішкі істер департаменті автобустағы жолаушылардың әмиянын, телефонын үптеп кететін сұғанақтардың сазайын жаңа бағдарлама арқылы тартқызбақ. Көлікке қойылған камера жолаушыларға көрінбейді. Бірақ бақылау камерасы қара тізімде бұрыннан бар адамдарды  көлікке кіргенде бірден анықтап, орталыққа хабарлай алады. Полицейлердің айтуынша, қалтаға қол салатындардың 85 пайызы байырғы күдіктілер мен ұрылар. Бағдарлама алдағы уақытта қаладағы барлық қоғамдық көліктерге орнатылмақ. Әзірге тек оншақты автобусқа ғана қойылған.

«IT мамандары көмекке келіп жатыр бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін. Яғни бұрын-соңды сотталған және біздің полицияның арнайы есебінде тұратын тұлғалар бұл арнайы базаға енгізіліп, олар автобус немесе троллейбустың ішіне кіре қалғанда  арнайы дабыл із кесушілерге келіп түседі. Ол автобустың қай бағытта кетіп бара жатқанында көре алады», - деді ІІД ресми өкілі  Салтанат ӘЗІРБЕК.