Астана LRT автобус жүргізушісін жұмыстан босату себебін түсіндірді

24.08.2018 19:04

«Astana LRT» компаниясы нөсер кезінде көшеге жиналып қалған терең судан қоғамдық көлікпен өткен жүргізушіні жұмыстан шеттету себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«20 тамыз күні қолайсыз ауа райы кезінде қалалық билік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шаралар қолданды, алайда, барлық тұрғындар бұл ережені ұстанған жоқ. Осылайша, «Астана LRT» ЖШС су басқан көшемен жүріп, автобус салонын суға толтырған  қоғамдық көлік жүргізушісін жұмыстан шеттетті. Жүргізушінің бұл әрекеті жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді және автобустың бүлінуіне әкеп соғар еді», – деп жазды  «Astana LRT» ЖШС баспасөз хатшысы Науат Азанбаева әлеуметтік желіде.

Атап өткен жөн, жұмыстан шеттету – жұмыстан шығару емес. Қазіргі уақытта қызметтік тексеру жұмыстары жүріп жатыр, соның нәтижесінде нақты шешім қабылданады.

Нөсер жауған күні Б. Момышұлы даңғылының А.Тоқпанов – Сарайшық көшесі аралығындағы автобус бағдарлары өзгертілген және жүргізушілер құрамына хабар берілген.

«Астана LRT» ЖШС әрбір жүргізушіге жолаушыларды тасымалдаудың қауіпсіздік ережесі туралы түсіндіреді. Рульге отырған жүргізуші жолаушылардың өмірі үшін жауап береді және қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Мәселен, жауын-шашын жауғанда жолды көру мүмкіндігі нашарлайды және жайылма судың астында шұңқырлар болуы мүмкін. Бұл жағдайда жүргізуші тасымалдау мен қауіпсіздік ережелеріне, полиция нұсқауына қарамастан жолаушылардың өмірін қатерге тігіп, қолайсыздық туғызды. Бейнежазбаларға қарап, жүргізуші әрекетіне жолаушылардың наразы болғанын тіпті қорыққанын көруге болады», – деп жазды Науат Азанбаева.