Алматыда өзгенің өмірін аман сақтап қалу үшін сарбаздар қан тапсырды

05.07.2017 15:52

Алматыдағы қан тапсыру орталығына соңғы 6 айда 10 мың донор келген. Соның тек 8500-інен қан алыныпты. Ал мың жарымы белгілі бір себептермен тапсыра алмай қалған. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда көп дейді дәрігерлер. Сондай-ақ соңғы уақытта ұйым болып қан тапсыру игі дәстүрге айналған. Бұл үрдісті сарбаздар жалғастырды.

Сарбаздар таңмен таласа қан тапсыру орталығының алдына сапқа тізілді. Кезек-кезек тіркеуден өтіп, донордың анкетасын жан таласа толтырды. Осылайша, әскери техникалық мектептің 25 тәрбиеленушісі өзгенің өмірін аман сақтап қалу үшін әрқайсысы 450 мл-ден қан берді. Жалпы бұл күні сарбаздардан 11 литр қан жиналды.

«Біз 2 жылдан бері қанға зәру науқастарға көмектесу үшін акция ұйымдастарып келеміз. Тәрбиеленушілер мұндай игі шараға әр ай сайын қатысады. 25 адам келдік. Оған дейін 500-ден астамы қатысты. Бір тамшы қанның өзі біреудің өмірін құтқарады десек, онда бәріміз де акциядан қалыс қалмауымыз тиіс», - деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі директорының орынбасары Серік ҚУАТОВ.

25 жастағы сарбаз Жақсылық Құсанов осымен 5-ші рет қан тапсырып жатыр. Бұл ісін азаматтық борышы деп санайды. Сондықтан орталыққа өз еркімен  жиі келіп тұрады. Қан өткізгені үшін ақы алмаймын деп отыр.

«Адамдарға көмек қажет кезде тапсырып жүрмін. Біраз болды тапсырып жүргеніме», - деді донор Жақсылық ҚҰСАНОВ.

Бір орталық қала бойынша 25 мекемені қанмен қамтамасыз етеді. Алматыдағы донорлардың басым бөлігі ақысыз қан тапсырады. Тіпті мекеме жұмысшылары топпен келіп, науқастарға көмек қолын созады екен. Айтпақшы, донор орталықтан тамақ ішуді қаламаса онда 0,25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы алуына болады.

«Таңертен біз 9.00-ден 15:00-ке дейін жұмыс істейміз. Таңертенгісін жеке куәлігімен бізге келіп қан тапсырады. Қан тапсыру процедурасы 10 минутты алады. 10 минуттың ішінде толығымен қан тапсырып шығады донор. Ол кіретін кезде қан тапсыратын алдында міндетті түрде шай ішеді. Қосымша печенье беріледі. Сосын шыққан кезде тамақ ішеді», - деді ШЖҚ «Қалалық қан орталығы» қан даярлау бөлімінің меңгерушісі Әсел КЕРЕИБАЕВА.

Ал қан тапсырған сарбаздар игі істері мұнымен шектелмейді дейді. Келесі айда әскери-мектептің басшылары мен тағы 50 адам келмекке ниет етті.

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы