Алматылық бүлдіршіндер қала әкімінің қолынан жаңа жылдық сыйлық алды

26.12.2017 21:30

Алматылық 1700 бүлдіршін қала әкімінің қолынан жаңа жылдық сыйлық алды. Мерекелік шара орталық циркте сайқымазақтар мен ертегі кейіпкерлерінің қойылымымен сабақтаса түсті. Шыршаға шақырылған балалар думанды мерекемен қатар, цирк майталмандарының да өнерін тамашалады.

Жаңа жылдық мереке балдырғандардың әнімен басталды. Биылғы шараның мазмұны тың.  Бүлдіршіндер Астананың 20 жылдығына арналған қойылымды тамашалады. Тауық жылын шығарып салып, ит жылын қарсы алды.

Жаңа жылдық шыршаға жиналған балаларды Аяз ата мен Ақшақар құттықтады. Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған шараға 1700 бүлдіршін қатысты. Олар, мүмкіндігі шектеулі, балалар үйінің тәрбиеленушілері, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардың жеткіншектері. Сондай-ақ, сабақта озат оқушылар да бар. Жиналғандарды Алматы әкімі құттықтап, балаларды білімді болуға шақырды. 

«Жаңа жылдық шырша өте бақытты кезең. Арманға толы. Біздің балаларымыз қаншама халықаралық деңгейде медаль, жеңмпаз болып, Алматының атын шығарып, елімізді көркейтіп жатыр. Сондықтан, Елбасы, барлық оның саясаты, жасап жатқан істері осы жас балаларға арналады.  Жаңа жыл мерекесі құтты болсын»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Сонымен қатар, мерекелік шара барысында қала басшысы украиналық ән байқауының жеңімпазы Данэлия Төлешованы құттықтап, әншіге шығармашылық табыс тіледі. Болашақта биік белестерді бағындырып, еліміздің атын әлемге шығаратынына кәміл сенетінін де айтты. Өнерпаздың анасына да алғысын білдірді.

Артынша, алматылық жас талант ән шырқады. Кейін, сән-салтанат цирк әртістері мен үйретілген жануарлардың өнерлерімен жалғасын тапты. Ертегі кейіпкерлері көрермендерді қиял-ғажайып әлеміне жетеледі. Мұндай шараның ұйымдастырылғаны оқушылардың көңілін марқайтты.

«Жаңа жылдың жасыл әні,

Біз шыршаны қарсы алған.

Тамашаға асығады,

Қала дала ән салған.

О жаңа жыл кел төріміе,  

Күттік қанша сені біз.

Қуаныштың желкенінде,

Тербеледі еліміз»,-деді Алматы қаласы №33 мектеп-лицейінің оқушысы, Лашын МҰХАМЕТҚАЛИ.

Еске салайық, Алматы әкімінің шыршасына шақырту алған бүлдіршінге тәттілер, ойыншықтар және дәптер, қаламсап сынды жаңа жылдық сыйлық тарту етілді.

Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы