Несиесін қайтара алмай жүрген қазақстандықтар саны 1,5 миллионнан асты

08.09.2018 00:38

Елімізде 1,5 миллионнан астам азамат несие алып, қарызын қайтара алмай жүр. Банк алдындағы берешегі барлардың басым бөлігі әйелдер болғанымен, несиесін төлей алмай жүргендердің көбісі ер азаматтар екен.

Банкке қарызын қайтара алмай жүрген қазақстандықтардың саны бүгінде бір жарым миллионнан асыпты.  Оларға берілген несиенің 90 пайызы екінші деңгейлі банктерге тиесілі, ал қалған 10 пайызын микрокредиттік ұйымдар беріпті.

Жалпы, Қазақстанда 6 миллион 300 мың азаматтың банк алдында берешегі бар. Оның 4 миллион 800 мыңы қаржы институына қарызын мүлдем кешіктірмей қайтарып отыр. Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың несиеге алатын орташа соммасы 650 мың теңгені құрайды екен.

«Соңғы бір жарым жылдың ішінде қаржы институынан қарыз алатын жеке тұлғалардың саны артқан. Сондай-ақ, құрылыс компаниялары да, авто дүкендер мен өзге де сауда орындары несиені бөліп төлеуге өтінім береді. Былтыр бөлшектік портфельде 4 жарым триллион теңге болса, биыл оның жалпы соммасы 5,7 трилион теңгеге жеткен», – дейді Бірінші несиелік бюросының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева.  

Қазір елімізде үйден шықпай-ақ несие алғысы келетіндердің қатары артқан. Мұны онлайн-кредит беретін ұйымдар жақсы пайдаланып отыр. Алайда, олардың берер сомасы аз, тиісінше қарызды тезірек қайтаруың тиіс. Шағын кредиттік ұйымдардың бүкіл ел азмататтарына берген соммасы бүгінде 40 миллиард теңгеден асып жығылады. Осы жылдың шілде айынан бастап айналымы аз шағын ұйымдар да ұлттық банктің бекітіп берген пайыздық мөлшерлемесінен аса алмайды. Яғни, олар да екінші деңгейлі банктермен теңестіріліп, пайыздық үстемені 56-дан асыруға құқы жоқ. Ал онлайн несие берушілер 100 пайыздық үстемеге дейін арттыра алады екен.  

«Былтырмен салыстырғанда биыл несие алу үшін шағын ұйымдарға келушілердің саны артқаны рас. Микрокредитік ұйымдардың 67 пайызы бізге тиесілі. Осы жылы клиентік база 3 пайызға көбейді. Бұл дегеніміз соңғы 6 айда қарызға берген қаржымыз 44 миллиард теңгені құрап отыр. Несие алушылардың басым бөлігі – жасы қырықтан асқан ауыл аймақтағы іскер әйел адамдар. Заем алшылардың алатын қарызы орта есеппен 500 мың теңгеден асады», – дейді микрокредиттік ұйым төрағасының орынбасары Қарлығаш Райханова.

Ал экономистердің айтуынша, жұрттың несиені жаппай қайтара алмауына банктердің өзі кінәлі. Өйткені, пайыздық үстемесін аспандатып жіберген қаржы институына қараша халықтың қарызды қайтаруы тым қиынға соғуда. Сондықтан, банктер халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, қос тарапқа да ауыртпалық түсірмей, тығырықтан шығар шешімді таба білуі керек дейді қаржы сарапшылары.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы