Жетісу ауданында жүзден астам пәтер тұрғындары жарықсыз отыр

22.02.2017 в 14:26

Жетісу ауданында жүзден астам пәтер тұрғындары жарықсыз отыр. Бір айдан бері бір өшіп, бір жанып қарашаның әбден ығырын шығарған жарық кей пәтерлердегі тұрмыстық техникаларды да күйдіріпті. Бұған электр желілерінің тозып, істен шыққандығы себеп. Десе де, бұқараның базынасын естіп, ескі желіні жаңасына ауыстыруға ешкім құлық танытпай отыр.

Бөкейханов көшесінде орналасқан жатақханадағы 115 пәтердің тұрғындары талайдан бері осындай күй кешуде. Айтуларынша, жарық мұнда жиі сөнеді екен. Ал, көмек сұрап электрик шақырса, олар «сіздер қаланың балансында жоқсыздар» деп мұрындарын шүйіретін көрінеді. Кезінде бұл пәтерлер жақын маңдағы «Темірбетон» зауыты қызметкерлерінің жатақханасы болып, кейіннен жекешелендіріліп кеткен. Ал, қуат көзін алатын трансформаторлық қосалқы станция сол зауыттың қарамағында қалған. Тұрғындар базынасын айтса, зауыттағылар бастарын алып қашатын көрінеді.

«Зауыт бізге осы уақытқа дейін жарық беріп келе жатыр, енді жекешелендіру болғаннан кейін өздеріңіз жеке шығыңыздар дейді. Зауыт айтады, ал әкімдік қабылдамайды. Мына жерде өзімізде подстанция тұр ғой, жақын жерде қалалық, жап-жақын жерде қосып беруге болмайма?», - деді Алматы қаласының тұрғыны Айсұлу ӘБІШЕВА.

Тұрғындар жергілікті билік өкілдерінен жарық қызметін қала балансына өткізуін сұрап талай рет шағымданыпты. Бірақ еш қайран жоқ дейді олар. Екі ортада қараусыз қалған бұқара өркениеттен тыс қалуға мәжбүр. Қуат көзінің болмауынан мектеп жасындағы балалар сабақтарын білте шамға телміріп оқиды. Ал тұрмыстық техниканың бар жоғы белгісіз.

Жарықтың жиі сөнуіне желілердің 70 пайызының тозғандығы сеп болып отыр. Оны ауыстыру үшін пәтер иелері кооперативі тұрғындардан қомақты қаржы сұрапты. Бірақ қарашаның желіні өз беттерімн ауыстыруға қалтасы көтермейді. Бұл мәселеден хабардар аудан әкімдігі тиісті шара қолданатындарын жеткізді.

«Қазіргі уақытта «Глобус» пәтер иелері кооперативі мен «Темірбетон» кәсіпорыны кабельдік желілердегі ақауларды жөндеп жатыр. Кешке дейін тұрғындарға жарық беріледі. Біз өз тарапымыздан Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына зауыт қарамағындағы трансформаторлық қосалқы станцияны қаланың балансына беруді сұрап хат жолдадық», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек БАЙМҰХАМБЕТОВ.

Десе де, 115 пәтердегі тұрғындардың жарық желісі қаланың балансына қашан өтері белгісіз. Атқамінерлер көпшілікке тек күте тұруға кеңес берді.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы