Храпунов ісіне қатысты айыпталушылар кінәларын жартылай мойындады

26.07.2018 23:32

Бүгін экс-әкім Виктор Храпуновқа қатысты соттың алдын-ала тыңдалымы өтті. Қылмыстық іске қатысы бар дегендердің арасында бас фигуранттың жары Лейла Храпунова да бар. Одан бөлек, айыпталушылар қатарында тағы 10 адамның қатысы бар.

Қазіргі таңда олар кінәларын жартылай ғана мойындап отыр. Ал күдіктілердің құқық қорғаушылары сотқа бірнеше өтінішті алға тартты. Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іске қатысы барларды жауапқа тартудың заңды межеленген мер ізімі өтіп кеткен. Сондықтан оларды қылмыстық жауаптан босатуын сұрады.

Ал прокурор судьядан адвокаттың уәжін негізсіз деп санауды сұрады. Өйткені, айыпталушылардан толық жауап әлі алынбаған.  

Храпуновтар ісі арнайы мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Істің басты фигуранттары – ерлі-зайыпты Храпуновтар бүгінгі тыңдалымда төбе көрсеткен жоқ. Оларға ұйымдасқан топпен мемлекет қаражатын жымқырды, алаяқтық, пара алу, құзіретін асыра пайдаланды, сондай-ақ, қылмыстық топпен жымқырылған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған. Виктор, Лейла Храпуновтарды қамауға алу туралы сырттай шешім шығарылған. Ал қалған азаматтардан елден кетпеу туралы қолхат алынды.

Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы