Ата Заң – азаттықтың айғағы, Тәуелсіздіктің тірегі. Конституция – қарашаға қорған болатын басты құжат. Оның қолданысқа енгізілгеніне биыл 23 жыл. 1993 жылы қабылданған алғашқы Ата Заңымызды әрі қарай жетілдіру талабы туындаған соң, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясы қабылданды. Содан бері бекітілген бұл құжатқа бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Реформа не үшін қажет болды?
Ата Заң – елдің адымдап дамуын айқындап берген басты құжат. Конституция қабылданғаннан бері 1 400-ге жуық конституциялық заң, кодекс пен нормативтік акті қабылданған. Яғни, қамтылмаған сала жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Алайда қазіргі қолданыстағы ата заң 1995 жылы қайта өзгертіліп, қайта бекітілген. Екі маңызды құжаттың айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бастап, оның ажырамас құқықтарына да байланысты нормалар енді. Сондай-ақ, ел Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып саналды, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Тәуелсіз елдің тәлтіректектеп тұрған экономикалық, әлеуметтік жағдайын түзеу үшін осыған дейін 4 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл егеменді елдің беталысына бағдар беретін басты құжатқа қажет реформалар болатын.
«2017 жылғы өзгерістерге келетін болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында президенттік вертикаль болды иә, авторитарлық президенттік билік, өйткені, құлап жатқан экономиканы көтеру үшін шұғыл экономикалық шаралар, шұғыл бұйрықтар беру керек болды. Президенттің өзі жарлық та шығаруға құқылы болды. Ал енді 2017 жылғы өзгеріс бойынша президент енді жарлық шығармайды. Жарлық, заңның бәрі Парламентке берілді», – деді саяси ғылымдарының докторы, профессор Сайын БОРБАСОВ.
Соңғы енген өзгерістердің тағы бірі – Үкіметтің Парламент алдында толық есеп беруі міндеттелді. Ал Парламент министрлерге айтарлықтай әсер ете алмай, бұған дейін тек сынап қана келген еді. Енді былтырдан бері Парламентке мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда өрескелдікке жол берген жауапты тұлғаны қызметінен алып тастауға дейін ұсыныс айта алу құқығы берілді.
«Үкімет бұрын түрлі бағдарламалар бойынша есеп бере салатын, Парламентке айта салатын. Енді міндетті түрде қандай бағдарламалар болсын, ол әлеуметтік, мәдени, спорттық, тіпті отбасылық қатынастарға қатысты бағдарлама болсын, міндетті түрде Парламенттің комиссиялары талқылаудан өткізеді. Содан кейін барып, Парламент талқылаудан өткізеді. Одан кейін бағдарламаға қанша ақша кетеді, оны кім орындайды, кім орындамайды, соның бәріне Парламенттің алдында жауап береді», – дейді саяси ғылымдарының докторы, профессор Сайын БОРБАСОВ.
Контитуциялық заңды жетілдіру, оған өзгеріс пен толықтырулар енгізу – дамудың бірден бір жолы дейді саясаттанушылар. Күн сайын құбылып жатқан қоғамда ел тағдырын шешуші сәтте нүктені тек осы маңызды құжат қана қоя алады. Бастысы, оның барлығы да жалпыхалықтық референдум аясында енгізілуі маңызды екенін алға тартады. Қоғамдағы татулықты нығайту мақсатында Қауіпсіздік кеңесінің құрылуы да демократиялық дамуға негіздейтін негізгі шешім болғанын да баса айтады сарапшылар.
«Президентіміздің басты саясатының бірі – қоғамдағы татулықты, ұлтаралық қатынасты сақтау, мемлекеттермен жан-жақты қарым-қатынасты сақтау мәселесінде биыл Конституцияға өзгерістер енгізілді. Мысалы, Қауіпсіздік кеңесінің құрылуын алсақ, ол көптеген биліктің, күштің топтасуы, бірігуі, болашақта биліктің ауысуы сияқты белгілі бір тепе-теңдікті сақтайды деп ойлаймын», – деді саяси ғылымдарының кандидаты Қадір НҰРҒАЛЫМ.
130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырып, толеранттылық таныту, яғни татулықты ту ету – Конституцияның негізгі тарауында тәптіштеп түсіндірілген. Сындарлы сәт пен күрделі кезеңдерден сүріндірмей келе жатқан да осы басты құжат дейді Ассемблея мүшесі Қазақбай Қасымов. Тәуелсіздігімізді сақтау үшін, Ата Заң айқындап берген бірлікке берік болу – құқықтық шеңберге ғана сыятын заң емес, әуелі әр тұлғаны азаматтық парызы деп түсінген жөн. Өзгеге үлгі бола алатын Қазақстанның осыдан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымына төрағалық етуі тегін емес екені айтпаса да түсінікті.
«2007 жыл Испанияның астанасы Мадрид қаласы 57 мемлекеттің бас қосқан санаты бірауыздан құрметті Елбасымызды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төраға деп сайлады. Еуропа тұңғыш рет қазақ халқына жауапты төрін ұсынды. Бізге артылған осы жауапкершілікті абыроймен орындап қана қоймай, көптеген жылдар бойы шешілмей келе жатқан сұрақтарға серпіліс беріп, оларды жандандырып жеңіске жетті. Жеңіске жету абырой емес пе?!», – деді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Қазақбай ҚАСЫМОВ.
Осылайша, Конституция көпке үлгі еткен, ұлттарды жаңылыстырмай, керісінше, халықаралық аренадан көрінуімізге септесуде. Ғалымдар басты құжат мектеп қабырғасындағы басты пәнге айналса, болашақта құқығы тапталатын тұлғалар едәуір азаяр еді дейді. Сонда ата-заңды аттағандар да контитуцияның қатал қарайтынына көздері көбірек жетер еді дейді отандық сарапшылар.
Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы