Алматыда полиция автоұрыларды ұстады

25.07.2018 18:50

Тәртіп сақшылары көлік пен оның бөлшектерін ұрлайтын топты тұтқындады, деп хабарлайды Baq.kz.

Алматы қаласының ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін сағат таңғы 4-те «102» телефонына Жұмалиев және Қарасай батыр көшелерінде орналасқан тұрғын үйлердің біріндегі аулада күдікті азаматтардың жүргені туралы хабар түскен.

Оқиға орнына «Буран-078» жол-патрульдік полициясы барған.

«Күдікті азаматтар Mitsubishi маркалы көлігіне отырып, оқиға орнынан іздерін суытқан. Полиция олардың артынан қуған. Тәртіп сақшыларының бірнеше машинасы ұрылардың жолын бөгеп үлгерген. Кейін Mitsubishi көлігін басқарған азамат Сейфуллин және Мақатаев көшелерінде орналасқан бағаналардың біріне соғылған. Екі күдікті де тұтқындалған. Олардың Шығыс Қазақстан облысынан келгені анықталған», – дейді Алмалы ауданы ІІБ-нің басшысы Данияр Мендебаев

Сонымен қатар полиция ұрылардың Mitsubishi көлігін Алатау ауданының аумағынан айдап кеткенін анықтаған.

«Күдікті азаматтар ұрланған көлікпен ұрлық жасауды жоспарлаған. Олар көліктің мемлекеттік нөмірін де ауыстырған. Қазіргі таңда тұтқындалған азаматтардың басқа іске қатысы бар-жоғы анықталуда», – дейді полиция подполковнигі Данияр Мендебаев.

Сондай-ақ, Алматы қаласының ІІД күдіктілерді тұтқындау барысында тапаншадан оқ атылмағанын атап өтті.