Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық бөлімінде жас полицейдің өз командирін атып тастауына тұрмыстық жанжал себеп болған.
Қанды оқиға кеше болған. 24 жастағы полиция сержанты взвод командирін табельдік қарумен бірнеше рет атқандықтан, жарақат алған полицей дәрігерлер келгенше қайтыс болды. Оқыс жағдайға не себеп болғанын анықтаған тергеушілер азаматтар арасында бұрыннан келіспеушілік болғанын айтады. Қолға түскен күдіктінің сөзінше, командир оны осы уақытқа дейін мазақ қылып, өзі арандатқан.
«Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы мамандандырылған күзет қызметі батальон командирінің қазасы бойынша қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл комиссия ҚР Ішкі істер министрлігі өзіндік қауіпсіздік департаменті және әкімшілік полиция комитеті қызметкерлерінен құрылған. Қазірге кезде күдікті кінәсін мойындады», – деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас САДУБАЕВ.