Алматыда 4 жасар бүлдіршінді қағып кеткен жүргізуші іздестірілуде

18.07.2018 01:14

Алматыда көлік қағып кеткен 4 жасар бала ісіне қатысты соталды тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері бүлдіршінді соққан жүргізушіні іздестіріп жатыр. Ал жасөспірімнің туыстары куәгерлер мен жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтардың көмегінен үмітті.  

4 жасар Мұхаммед дәл осы жерден табылған. Қансырап жатқан оны сол аумақта тұратын тұрғындар тауып алған. Қазір бұл жер қоршауға алынған. Қалалық Ішкі істер департаменті соталды тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта баланы қағып, ауыр халде тастап кеткен жүргізуші іздестіріліп жатыр. Күдікті қылмыстық жауапқа тартылатын болады. Одан бөлек, оқиғаның куәгерлерінен жауап алынуда.

«Бастысы балам аман болса болды. Қазір жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтар, қалалық мәслихат депутаттары көмек көрсетіп жатыр. Егер оқиға болған кезде көрген куәгерлер болса, хабарласуын сұраймыз», – дейді Мұхамедтің әкесі Мұрат АСҚАРОВ.

Оқиға кеше таңертең таңғы сағат 10:30 шамасында болған. Бала Шығыс айналма жолы мен Брянск көшесінің қиылысында ағаштың түбінен табылған. Оның бас сүйегі қатты зақымданған. Бүлдіршіннің туысқандары «Мұхаммед ағасымен бірге дүкенге шыққан» дейді. Бірнеше уақыттан кейін бауыры үйге жалғыз оралыпты. Содан бастап туған-туыстары оны іздей бастаған. Ал үйге өзі ғана келген ағасы тілі күрмеліп, қатты қорқып қалған. Зәре-құты қашқан баланы туған-туыстары психологқа көрсетпек.

«Мұхаммедтің ағасы бір нәрседен қатты үрейленген. Оқыс оқиғаны көрді деген күдік бар. Сондықтан қатты қорқып қалған. Оның жасы небәрі 5-те. Кешке қарай ғана болған оқиғаны айтты. Мұхаммедті көлік қақты деді. Тіпті жүргізуші көлігінен түсіп, оны көлігіне салды, қайда апарасың дегенімде әкесіне деп жауап берді деді. Оны психологқа көрсетпекпіз. Қазір әлі бөлмесінен шықпай отыр», – деді Мұхамедтің туысқаны Соня ГАДЖИЕВА.

Мұхамед қазір ауыр халде жатыр. Осы уақытқа дейін оған бірнеше ота жасалған. Баланың туыстары осы оқиғаны көрген-білген өзге куәгерлері табылып жатса, хабар беруін сұрайды.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы