Алматылықтар үшін 6 мың тонна көкөніс сатып алынады

05.09.2018 02:16

Алматылықтарды қыстың күні арзан бағадағы көкөніспен қамтамасыз ету үшін биыл 6 мың тоннадан астам көкөніс сатып алынады.

Мегаполисте жеміс-жидек, көкөністің қауіпсіздігімен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыс жүргізілуде дейді қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Алматы қаласы аграрлық аймақ болмағандықтан, азық-түлікпен қамтамасыз ету өңірлерден ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу арқылы жүзеге асырылуда.

«Алматы қаласына негізі, картоп, сәбіз өнімдері Павлодардан келеді. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы және Тараздан жеткізіледі. Алматы қаласын көкөніспен қамтамасыз ететін аймақ – Алматы облысы», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қанат КӘКЕН.  

Қазір қаладағы 6 ауданда Алматы облысының жақын орналасқан аудандарымен бірлесіп жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге дейін демалыс күндері 400-ге жуық және 3 маусымдық жәрмеңке өткен. Көкөніс пен жеміс-жидек делдалсыз сатылатындықтан, баға да қолжетімді. Қазір жәрмеңкелердегі маусымдық көкөніс пен жеміс-жидек бағасы әлдеқайда арзандаған.  

«Алдағы Қала күніне орай, 16-қыркүйекте Тұңғыш Президент паркінде «АлмаFest» фестивалі өтейін деп жатыр. Ол жерде шамамен, 100 тонна алма сатылады. Оған Алматыға жақын орналасқан аудандардың шаруа қожалықтары қатысады», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қанат КӘКЕН.