Алматының көшелерінде қатынайтын қоғамдық көліктер мүгедектерге сай емес

Алматының көшелерінде қатынайтын қоғамдық көліктер мүгедектерге сай емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көшелерінде қатынайтын қоғамдық көліктер мүгедектерге сай емес. Тіпті, аялдаманың өзі де ыңғайсыз жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы тексеруге шықты. Сөйтіп, олар Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен өткізген 2 айлық зерттеулерінің қорытындысын шығарды. Негізгі міндет - еліміздегі 650 мыңнан аса мүгедекке қолайлы жағдай жасау. Бұл тек Алматыға ғана емес, барлық өңір мен облысқа қатысты ортақ мәселе.

Алматылық 41 жастағы Максим Виноградов туғанынан арбаға таңылған. Ол қазір қалада біреудің көмегінсіз қоғамдық көлікпен қатынай алмайтындығын айтады. Өйткені, барлық көшелердегі биік жол жиектері оның жүруіне тосқауыл келтіреді. Оның үстіне, қаладағы аялдамалардың бірінде пандус қойылса, енді бірінде ол атымен жоқ.

«Менің қалада жүріп-тұруым қиын. Қоғамдық көліктер көп жағдайда бізді көрсе тоқтамай өтіп кетеді. Оның үстіне, автобуста мүгедектерге мүлде жағдай жасалмаған. Көбісінің пандусы сынық немесе оны қолданбағандықтан істен шығып қалған. Кей жағдайда жолаушылардың өзі уақытымызды алдың деп сөгеді. Сондықтан, ешкімнің көңіліне келмес үшін шықпауға тырысамын. Инва таксиді де шақырту қиын. 1 күнде 1 рет ғана қолдануға болады»,- деді Қала тұрғыны, Максим ВИНОГРАДОВ.

Бұл Төле би көшесіндегі аялдамалардағы ескі пандустардың бірі. Биік екендігін былай-ақ аңғаруға болады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жан тұрмақ сау адамның өзінің жүруі қиын. Ал егер оны қолдансаңыз құлдырып барып, мынау қоршауға тірелесіз.

Бұл көрсеткеніміз ескісі еді. Кейін аялдаманың жаңадан салынған пандусын Максим тексеріп көрді. Айтуынша, ол ережеге сай төменірек салынуы тиіс. Және қол тіреуіші болғаны жөн. Жол жиектен өте алмаған тұрғын бұл жолы да өкінішке орай автобусқа отыра алмады.

«Мысалы, мен отырайын деген автобустың нөмірін көре алмаймын. Оның қайда тоқтайтынын да бейхабармын. Бұрын атвобустың ішінде аялдамалардың аты айтылып тұратын. Қазір ол жоқ. Зағип жандар көмекшісіз қалада қатынай алмайды. Автобус жүргізушілерін мүмкіндігі шектеулі жандармен қалай жұмыс жасау керектігі арнайы үйретілетін курс ашуды ұсынып отырмыз»,- деді «Аржан» қоғамдық қорының өкілі, Қасиет ОМАРОВА.

Зағип, саңырау және арбаға таңылғандар үшін қоғамдық көліктің барлығында дыбыстық хабарлама қосылып тұруы керек дейді. Қоғамдық қордың сөзінше, автобустан бөлек көшеде, дәріханада болсын арнайы белгілер мен бағдаршамдарда дабыл болғаны абзал. Ұсыныстардың барлығын қағазға жазып, енді жергілікті биліктің қолына ұсынбақ. Айтуларынша, Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан жағдай соңғы уақытта ғана ілгері басқан.

«Алматыда барынша жағдай жасалып жатыр. Мүгедектердің алдында кездесетін тосқауылдарды тек басына осы жағдай түскен адам ғана түсіне біледі. Қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандардың шешілмеген мәселелері бар. Жағдайды қалалық әкімдікке жеткіземіз. Қазір тиісті хат дайындап жатырмыз»,- деді Қала әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі кеңесшісі, Вениамин АЛАЕВ.

Есте болса, жақын күндері Алматыда 45 автобус сатып алынды. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға бар жағдай жасалған. Қала әкімдігі қоғамдық көліктерді сатып алуға 11,5 миллиард теңге жұмсады. Бұл қаражатқа барлығы 300 автобус алынбақ.

Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров