Алматыда жылдамдықты асыра зулаған көлік шұңқырға түсіп кетті

29.06.2018 16:39

Алматыда жеңіл көлік қазулы шұңқырға түсіп кетіп. Салдарынан 5 адам зардап шекті. Оқыс оқиға таңға жуық Төле би мен Әйтиев көшелерінің қиылысында орын алған. Белгілі болғандай, Тойота камриді басқарған жүргізуші батыс бағытта келе жатқан. Ол арнайы қойылған жол белгілеріне қарамастан жөндеу жұмыстары жүріп жатқан шұңқырға түсіп кеткен. Көлікті тақымдаған жүргізуші мен 4 жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ал кешке дейін қаланың коммуналдық қызметі жол апаты орын алған көше қиылысындағы шұңқырдың бетін бітеп үлгерді.

«Алматыда жылыту маусымына дайындық мақсатында құбырлардың гидравликалық тексеруі жүргізіліп жатыр. Осындай шара аясында ақаулар анықталады. Төле би мен Әйтиев қиылысында осындай жұмыстар жүргізіліп жатқан. Барлық жол белгілерін қойғанбыз. Істің анық-қанығын енді тәртіп сақшылары анықтайды»,-деді «Жылу энерго кешені» ресми өкілі Ян ГИРИН.  


Теги: яма