Елімізде тұңғыш рет көкпардан студенттер лигасы өз жалауын көтерді

Жаңалықтармен бөлісіңіз


Елімізде тұңғыш рет көкпардан студенттер лигасы өз жалауын көтерді. Бұл жолы Алматы қаласында орналасқан жоғарғы оқу орындарының бес командасы өзара бақ сынасты. Ұлттық спорттың мамандары ептілік пен күштілікті талап ететін ойынымыздың өрісін  халықаралық деңгейге шығарып қана қоймай, Алматы және Астана ареналарында өткізсек деп отыр. Ал, ат құлағында ойнаған шабандоздар қашанда ел намысын қолдан бермеуге тырысамыз дейді. Нұрсейіт Жылқышыбай тарқатсын.

Көкпардан студенттер лигасы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Ұлттық ойынға Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының нағыз ержүрек ұлдары қатысты. Ат үстінде ойнаған  ауыл баласының әрқайсысы тақымға қысқан көк серкені қолдан бермеуге тырысты, білегі күштілер қарсыласқа салым салды. Шабандоздардың барлығы студенттер. 

«Ат жалын тартып мінетін азаматтар азғой қазір. Бірақ, ойында осал команда көріп отырғанымыз жоқ. Бәрі де үш ай бұрын арнайы дайындықтан өтіп келген екен. Қазір ақтық сында кімнің-кім екенін көретін боламыз»,- деді Шабандоз, Мәйіржан МӘТЖАН.

«Бұл тарихи оқиға. Елімізде көкпарды өзіміз көтермесек ешкім көтермейді. Біз қолымыздағы жеңісті қолдан бермейміз деген ойдамыз. Ең бастысы ұлттық ойынымыздың өрісін кеңейте берейік»,- деді Шабандоз, Ерман ЖАҚСЫЛЫҚОВ. 

Бір қызығы бұл қазандық көкпарға серке сойылмайды. Оның орнына қолдан жасалған муляж қолданылады. Сонымен қатар, әр командадан  үш ойыншыдан шығып, доданың көркін қыздырады. Көкпар ойынының көптен білетін мамандар, ойынымызды халықаралық деңгейге шығарып , тіпті келешекте жабық ғимараттардың ішінде өткізсек деген ниет танытып жүр.  

«Біз хоккейге, футболға, тенисқа барып жүрміз. Бірақ бұл біздің ұлттық ойынымыз ғой. Сондықтан, жабық ғимараттың ішінде осы форматтағы көкпарды өткізсек деген ойда бар. Мысалға, Алматы арена, Астана арена, Балуан Шолақтың ішінде дегендей»,- деді Алматы қаласы Көкпар федерациясының басшысы, Данияр ДӘУКЕЙ.

«Бұл ұлттық ойынымыз көкпардың Қазақ халқы үшін орны қашанда ерекше. Сондықтан, студенттер арасында өтіп отырған жарыстың орны тіптен бөлек. Нағыз ауылдың қара домалақ балалары қалаға келгеннен кейін өздерінің тақымдарын босатпау керек. Сондықтан, студенттер арасындағы көкпарды барынша дамытып, келешекте халықаралық деңгейге шығарамыз деген ойдамын. Ол үшін барлық күшімізді сарқуға дайынбыз»,- деді Қазақтың спорт және туризм академиясының президенті, Қайрат ЗАКЕРЬЯНОВ. 

Жаңаша түрленген көкпар ойыны Алматы қаласы көкпар федерациясының басшысы Данияр Дәукейдің бастамасымен ұйымдастырылды. Жүректің түктілігі мен алып күшті қажет ететін бұл ойында жалпы командалық есепте  Алматы энергетика және байланыс университеті бірінші орынды жеңіп алса, Қазақ ұлттық аграрлық университеті екінші орынға табан тіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.  



Новости партнеров