Электрошокерлер Алматы әуежайындағы полицейлерді әбігерге салуда

11.01.2017 15:06

Электрошокерлер Алматы әуежайындағы полицейлерді әбігерге салуда. Өйткені, ұшақтар арқылы электрлі қаруды заңсыз тасымалдаушылардың қарасы көбейді. Тәртіп сақшылары күн сайын жіті тексеріс жасап, қару ұстағандарды жолдан қалдыруда. Қолға түскен азаматтардан 2015 жылы  рұқсаты жоқ 90 электрошокер тәркіленген болса, былтыр бұл көрсеткіш тіпті 2,5 есе ұлғайған екен. Тақырыпты Айдана Мейрамбайқызы жалғастырады.


Бұл - әуежайдағы тәртіп сақшыларының былтыр тәркілеген электрлік қаруларының тек бір бөлігі ғана. Қала тұрғындарының мұндай бірнеше вольттық қуаты бар электрошокерлерді көптеп тасымалдауы, полицейлерді әбден әуреге салған көрінеді. Олар тәулігіне 2-3 жолаушыны қолға түсіріп, айыппұл арқалатады екен. Солардың бірі -  Атырауға жолға шыққан Арман Әлиев. Бет-жүзін жасыруды сұраған азамат, қолшамға орнатылған электрошокерді тыйым салынған қару деп ойламадым дейді.


«Осы электрошокерді базардан сатып алдым. Маған ешқандай құжат, рұқсат қажет емес деп айтты. Сөйтіп мен осы электрошокерді сол сатушыдан 3000 теңгеге сатып алдым. Қорғану үшін өзіме алдым»,- деді Арман ӘЛИЕВ.


«Білместікпен сатып алдым» деп ақталатындар сақшыларға таңсық емес. Оларды жолдарынан қалдырмау үшін, полицейлер осы күні тек айыппұлмен шектеліп отыр. Электрошокерді рұқсатсыз алып өтпек болғандарға салынатын айыппұл көлемі 45 мың теңгені құрайды. Құзырлылардың айтуынша, электрлі қаруды әуежай арқылы көбінесе Батыс Қазақстан облысының азаматтары тасымалдайтын көрінеді. Сондай-ақ, шетелдіктер де электрошокерді көп қолданады екен. Алайда, рұқсаты жоқтықтан кедергіге ұшырайды.


«Электрошокер ұстап жүрген азаматтар ұшып бара жатқан жеріне жете алмай қалады көбінесе. Өйткені, құжаттардың барлығын толтыру үшін уақыт керек. Электрлік қарулар қару-жарақ сататын арнайы дүкендерде сатылуы керек. Ал, азаматтар сол жерлерден сатып алу керек. Ішкі істер органының рұқсатын бірінші алып, сосын арнайы сатылатын дүкендерден осы электрлік қаруды алу керек»,- деді Алматы қаласы әуежайындағы әкімшілік полиция бөлімінің басшысы, Аян МОЛЖІГІТОВ.


Елімізде электрошокерлерді емін-еркін қолданып, тасымалдауға рұқсат болатын. Бірақ, электрикалық пневматикалық және тегіс ұңғылды қаруларды рұқсатсыз қолдануға 2015 жылы заңдық тұрғыда тыйым салынды. Қарар қабылданса да, қаулыдан хабары жоқтардың қарасы басым. Полиция 2015 жылы 90 жолаушыдан электрошокер тәркілеген болса, былтыр бұл көрсеткіш 200-ге жуықтаған.


«Біздің елде электрошокер қару ретінде тыйым салынған. Бірақ, мен оған тыйым салудың қажеті жоқ еді деп ойлаймын. Өйткені, көптеген шет елде электрошокер алып жүру үшін рұқсаттың қажеті жоқ. Адамдар, бұл қаруды күнделікті қолданбайды ғой, сондықтан оған тыйым салмай-ақ қою керек еді. Бізде заң шыққалы, электрошокерлерді арнайы дүкендерден сатып алу күрт тыйылды. Адамдар рұқсат алмай-ақ, базарлардан сатып алғанды жөн көреді. Қолшам түрінде сатылып жатқан электрошокердің барлығының рұқсаты жоқ»,- Қазақстан қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті, Сергей КАТОНОВ.  


Бүгінде электрошокерлер базарлар мен ғаламтор арқылы ашық саудалануда. Бағалары 3 мың теңгеден басталады. Алайда, рұқсаты бар екені екіталай. Оны тексеріп жатқан бір де бір құзырлы жоқ. Ал, мамандар рұқсаты жоқ саудагерлерден электрошокер сатып алу, азаматтардың өзіне қауіп тудыруы мүмкін дегенді алға тартады.


Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы